БҰҰ Бас хатшысы: Газа секторындағы ашаршылық әр есікті «қағып тұр»
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қауіпсіздік кеңесінің ашық отырысында сөйлеп, халықаралық міндеттемелердің өрескел бұзылуына алаңдаушылық білдіріп, Газа секторындағы гуманитарлық апаттың ауыр екенін атап өтті, деп жазды Анадолы агенттігі.
Отырысты Пәкістанның вице-премьері және сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дар басқарды. Ол қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу мен көпжақты тәсілдердің рөлін талқылауға арналды.
Гутерриш БҰҰ-ның 80 жыл бұрын соғыс апатынан адамзатты қорғау үшін құрылғанын еске салып, геосаяси шиеленістер күшейіп, мемлекеттер арасындағы сенім жоғалып бара жатқан шақта бейбіт реттеу басты қағида болып қалуы керек екенін айтты.
Ол БҰҰ Жарғысында дау-жанжалдарды шешудің құралдары — делдалдық, арбитраж және аймақтық ұйымдармен өзара әрекеттесу көзделгенін еске салды. Қауіпсіздік кеңесінің бұл процестегі ерекше жауапкершілігін де атап өтті.
Бас хатшы Пәкістан ұсынған қарарды қолдап, мемлекеттерді осы бейбіт құралдарды белсенді пайдалануға шақырды.
— Бүгінде біз халықаралық құқықтың — оның ішінде гуманитарлық, адам құқықтары мен босқындар туралы заңдардың — бұрынғыдан жиі бұзылып, ескерусіз қалатынын көреміз. Бірақ бұған ешкім жауап бермейді. Не болып жатқанын ұғыну үшін Газа секторындағы үрейлі жағдайға бір көз жүгіртсе жеткілікті, — деді ол.
Оның айтуынша, өлім-жітім мен қирау деңгейі бұрын-соңды мұндай болмаған.
— Азық-түліктің жеткіліксіздігі сын көтермейтін дәрежеге жетті. Ашаршылық әрбір есікті қағып тұр. Гуманитарлық көмек жүйесі адамгершілік қағидаттарға негізделгенімен, тұралап қалды. Оның жұмысына жағдай жоқ: көмек жеткізетін қауіпсіз аймақтар жоқ, қауіпсіздік кепілдігі де жоқ. Израиль тарапынан әскери әрекеттер күшейіп, Дейр-эль-Балах қаласында жаңа эвакуациялық бұйрықтар шыққан сайын, гуманитарлық апат тереңдей түсті, — деді ол.
Гутерриш БҰҰ нысандарына, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және БҰҰ жобаларын қолдау бағдарламасының (UNOPS) қоймаларына жасалған шабуылдарға қатты алаңдаушылық білдіріп, бұл ғимараттардың координаттары қақтығыстағы тараптарға алдын ала хабарланғанын еске салды.
— Бұл нысандар, сондай-ақ өзге де азаматтық объектілер халықаралық гуманитарлық құқыққа сай қорғалуы тиіс және қол сұғылмауы керек, — деді ол.
Гутерриш Газа мен Украинадан бастап, Сахель, Судан, Гаити мен Мьянмаға дейінгі әлемнің әр аймағында халықаралық құқық бұзылып, ашаршылық пен еріксіз қоныс аудару рекордтық деңгейге жеткенін, терроризм мен трансшекаралық қылмыс жаһандық қауіпсіздікті әлсіретіп жатқанын айтты.
Ол Қауіпсіздік кеңесі мүшелерін бейбіт жолды таңдауға ықпал етуге шақырып, Кеңес — жаһандық қауіпсіздік архитектурасының өзегі болуы тиіс екенін, тіпті тұрақты мүшелер арасындағы келіспеушіліктердің де мұны бұзбауы керек екенін атап өтті.
Жағымды мысал — Қара теңіз астық бастамасы
Гутерриш оң мысал ретінде үш жыл бұрын БҰҰ делдалдығымен жасалған Қара теңіз астық бастамасы мен Ресеймен меморандумды атады. Бұл келісімдер қиын жағдайда да мәмілеге келуге болатынын дәлелдеген.
Қауіпсіздік кеңесі қазіргі әлем шындығын бейнелеуі тиіс
Сондай-ақ Бас хатшы Қауіпсіздік кеңесінің заманауи геосаяси шындықтарға сай реформалануы қажет екенін, оның жұмыс тәсілдері ашық, инклюзивті, тиімді әрі есеп беретіндей болуы керектігін айтты.
Гутерриш Кеңестің аймақтық ұйымдармен ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ барлық елдердің БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық талаптарын сақтау қажеттігін де баса айтты.
— Біздің Ұйымның және оған өмір берген Жарғының 80 жылдығын атап өтіп жатқанда, біз бейбітшілік жолындағы көпжақтылық пен дипломатияға адалдығымызды растауымыз керек», — деп қорытындылады Гутерриш.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильдің Сириядағы Сувейда, Дараа қалалары мен астана Дамаскке жасаған соққыларын қатаң айыптаған еді.