БҰҰ бас хатшысы Гвинея-Бисаудағы әскери төңкерісті айыптады

Фото: media.az

АСТАНА. KAZINFORM — Антониу Гутерриш барлық тарапты барынша сабыр сақтауға шақырды. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтары хабарлады. 

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Гвинея-Бисаудағы жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдірді. Ол әскери топ жасаған мемлекеттік төңкерісті және елдегі конституциялық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекетті қатаң айыптады.

БҰҰ басшысының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде 23 қарашада өткен жалпыұлттық сайлауда халықтың тыныш түрде білдірген еркін елемеу «демократиялық үдерісті өрескел аяққа басу» екені атап өтілді. Гутерриш конституциялық тәртіпті дереу және шартсыз қалпына келтіруге, сондай-ақ ұсталған барлық лауазымды тұлғаны, соның ішінде сайлау ұйымдастырушыларын, оппозиция жетекшілерін және өзге де саяси қайраткерлерді босатуға шақырды.

Бас хатшы барынша сабыр сақтап, заң үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтары саласындағы халықаралық нормаларды сақтай отырып, халықтың еркіне құрметпен қарау қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, барлық келіспеушілік заң арқылы және бейбіт диалог жолымен шешілуі тиіс.

Антониу Гутерриш Батыс Африка мемлекеттері экономикалық қоғамдастығының, Африка одағының және Батыс Африка ақсақалдар форумының демократияны қорғауға, тұрақтылықты нығайтуға, сайлау үдерісін бейбіт аяқтауға және Гвинея-Бисауды мүмкіндігінше тез арада демократиялық жолға қайтаруға бағытталған күш-жігеріне БҰҰ-ның толық қолдау көрсететінін растады.

Айта кетелік Гвинея-Бисауда әскер билікті өз бақылауына алғанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар Гвинея-Бисауда әскери төңкерістен кейін уақытша президент тағайындалды