БҰҰ Бас хатшысы Арал теңізіне қатысты практикалық шараларды қолға алуға шақырды
Өзінің сапарының қорытындысы туралы айта келіп, БҰҰ Бас хатшысы Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен аймақтық және жаһандық проблемаларды талқылағанын атап өтті. «Сондай-ақ әлемнің басқа аймақтарындағы сияқты Орталық Азияда да экономикалық өсімді, даму мен жаңартуды қамтамасыз ету үшін аймақтық ынтымақтастық және диалог қажет деген ортақ пікірге келдік», - деді ол.
Пан Ги Мун Өзбекстан аймақта өте маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті және Арал теңізінде болып, қоршаған ортаны абайлап пайдалану қажеттігінің маңызына көз жеткізді.
«Президент Каримовпен, сондай-ақ 2009 жылы өткен Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор саммитінің қорытындыларын талқыладық. Онда қабылданған шешімдермен танысып, оны жүзеге асырудың практикалық шараларын іске асыруға шақырдық», - деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысы.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша сапары өтіп жатыр. Ол Түрікменстанда және Қырғызстанда болды. Өзбекстаннан кейін Пан Ги Мун Тәжікстанға, содан кейін Қазақстанға сапар шегеді.