БҰҰ бас хатшысы: Ауғанстанда өткен сайлау бірінші рет биліктің демократиялық ауысуына жасалған қадам болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанда 5 сәуір күні өткен президенттік және аймақтық сайлаулар ел тарихында биліктің бірінші рет демократиялық түрге көшуінде маңызды қадам болды.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун осындай пікірді білдірді, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Жексенбі күні таратылған мәлімдемеде ол ауған халқын осы жетістікпен құттықтап, елдің болашағы үшін өз құқықтарын қорғауға деген ұмтылыстарын жоғары бағалады.

Ауғанстанның жоғары мемлекеттік билігіне сегіз кандидат таласты. Бұл сайлаудағы басты үміткерлер - СІМ бұрынғы басшысы Залмай Расул мен Абдулла Абдулла және Ашраф Ғани Ахмадзай.

Тәуелсіз сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, сайлауға 7 миллионға жуық адам, яғни 58 пайыз дауыс беруші қатысты. Дауыс беру санын есептеу 20 сәуірге дейін жалғасады, алдын ала мәліметтер 24 сәуір күні жарияланады.