БҰҰ Бас хатшысы Бағдадтағы лаңкестікті үзілді-кесілді айыптады

АСТАНА.  Қазанның  26-сы.  ҚазАқпарат -  БҰҰ Бас хатшысы Пан  Ги Мун,  соңғы мәліметтер бойынша, 147 адам   құрбан болған  және 700-ден  астам адам жарақат алған   Ирактағы   лаңкестік әрекетті  үзілді-кесілді айыптады.

Бұл туралы    жексенбі күні кешке БҰҰ штаб-пәтерінде    таратылған      Бас  хатшының    ресми өкілінің мәлімдемесінде айтылып  отыр,  деп   хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі. 

Естеріңізге сала кетейік,  Бағдадтың    орталығында жасалған  екі  жарылыстың салдарынан ең аз дегенде 147 адам  қаза болып,  тағы 721 адам жараланған. Мина қойылған    автокөлік    қазанның  25-і күні  таңертең Бағдадтың әкімшілік  орталығында  қатарынан   жарылған  болатын.  Бірінші  жарылыс  мәскеу уақыты  бойынша сағат 10.30-да  Ирактың Әділет министрлігінің   қасында  болса, екіншісі -  Бағдадтың аймақтық әкімшілігінің  ғимаратына жақын жерде  жарылған. 

«Бас хатшы   Ирактың  Әділет министрлігі мен Бағдад  әкімшілігінің  ғимараттарының  жанында   болған      және     жүздеген  адамның   өмірін қиған және жараланған жарылыстар туралы  хабарды    қайғырып    қабылдады.   Ол   бейкүнә  адамдарға қарсы бағытталып  отырған  және        қалпына  енді келе  бастаған  Ирактың   іргесін ыдыратуды мақсат еткен    осынау  зорлық-зомбылық    акцияларын   үзілді-кесілді айыптап  отыр»,  делінген мәлімдемеде.

Пан Ги Мун  сондай-ақ,  қаза тапқандардың  отбасыларына  көңіл  айтып,   жараланғандарға  тезірек сауығып  кетуге тілек    білдірді. Ол  сондай-ақ,  барлық ирактықтарды  «осынау   жантүршігерлік әрекеттерге  қарсы бірігуге»  шақырды   және   елдегі  саяси       прогрестің  жетістіктерін   қорғау,   атап  айтқанда   2010 жылғы    қаңтардың   15-іне     жоспарланған   ұлттық сайлауда белсенділік  таныту   бағытындағы   жұмыстарды  жалғастыруға   үндеді.