09:47, 16 Маусым 2009
БҰҰ Бас хатшысы президенттік сайлау барысында білдірілген «Иран халқының шынайы еркін» құрметтеуге шақырды
НЬЮ-ЙОРК. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун жақында өткен президенттік сайлау барысында білдірілген «иран халқының шынайы еркін» құрметтеуге шақырды.
Ол, Ирандағы жағдайды қадағалап отырғанын айта келе, «Иран халқының еркін толық құрметтеу қажеттілігіне» сенімді екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап. Пан Ги Мун сондай-ақ, Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің дауыс берудің барысына тексеру жүргізудің қажеттілігі туралы мәлімдемесіне қолдау білдірді. Естеріңізге сала кетейік, маусымның 12-сінде Иранда өткен президенттік сайлауда елдің қазіргі басшысы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ол 62,6 пайыз дауыс жинап отыр, бұл қарсыласы реформашыл-оппозиционер Мусауидің көрсеткішінен екі есеге артық. Мусауи дауыс берудің нәтижесі қолдан жасалып отыр, деп мәлімдеме жасауда. Оның жақтаушылары көшеге шығып, әділдікті талап етуде. Соның салдарынан елде соңғы онжылдықта болмаған ауқымды тәртіпсіздіктер орын алуда. Маусымның 13-інде Тегранда наразылық білдірушілердің полициямен қақтығыстары тіркеліп, маусымның 13-інен 14-іне қараған түні ондаған оппозиция өкілі қамауға алынды. Полиция қызметкерлерінің наразылық білдірушілерді күшпен тарату кезінде бір адам қаза тапты.Демонстранттар Иранда президенттік сайлауды қайтадан өткізуді талап етуде.