БҰҰ-да ұлтаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ дискуссиялық алаңында кейде Нұрсұлтан Назарбаев үлгісі деп аталатын қазақстандық ұлтаралық толеранттылық үлгісі талқыланды.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық кеңесінің хатшысы Наталья Калашникова айтты.

«Нұрсұлтан Назарбаев үлгісіне шетелдік сарапшылар баса назар аударады. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы сессиясындағы дискуссиялық алаңы Қазақстандағы ұлтаралық толеранттылық мәселесіне арналған болатын. Әрине, бұл ең алдымен Мемлекет басшысының беделіне де байланысты. Оның ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге байланысты халықаралық және ішкі саяси бастамалары үлкен қызығушылық туғызады», - деді Наталья Калашникова.

Оның айтуынша, бүгінде кеңес осы үлгі негізінде білім беру жүйесіне енгізуге арналған арнайы бағдарлама жасап шықты.

«Ғалымдарымызбен және білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып біз осы үлгіні оқу процесіне енгізетін модульдік бағдарламалар жасап шықтық. Бүгінде жоғары оқу орындарында қазақстандық үлгі арнайы курс ретінде оқытылып жатыр», - деп атап өтті Наталья Калашникова.