БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанның әлеуметтік саланы цифрландырудағы жетістігін жоғары бағалады

Фото: ҚР Үкіметтің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті.

Кездесу барысында ҚР Үкіметі мен халықаралық ұйым арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі атап өтілді. 30 жылдан астам уақыт ішінде әртүрлі салада бірқатар өзара тиімді жобалар іске асырылды. Алдағы бірлескен жоспарлар да пысықталды.

Фото: ҚР Үкіметтің баспасөз қызметі

«Катаржина Вавьерниа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен инклюзивті ортаны жетілдіру, мүгедектерді оңалту және рабилитациялау шаралары бойынша ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді. Ол сондай-ақ денсаулық сақтау саласын, креативті индустрияны цифрландыруды дамыту бойынша бірқатар ұсыныс айтты», - делінген хабарламада.

Тамара Дүйсенова ұсынылған шараларды қарастыруға дайын екенін білдіріп, тиісті министрліктерге тапсырма берді. Сонымен қатар вице-премьер еліміздің БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға айрықша көңіл болып отырғанын атап өтті.

Фото: ҚР Үкіметтің баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, БҰҰ ДБ Қазақстанның әлеуметтік саланы цифрландырудағы жетістіктерін жоғары бағалайтыны айтылды. Осы үдеріске қосқан елеулі үлесі үшін Тамара Дүйсеноваға БҰҰ Даму бағдарламасының «Цифрландыру бойынша жыл үздігі» сертификаты табысталды.