БҰҰ ДБ: 2020 жылға қарай Қытай, Үндістан мен Бразилия жиынтық экономикалық өнімі әлемнің алпауытына айналады

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Адам дамуы туралы баяндаманың мәліметтері бойынша, 2020 жылға қарай үш державаның: Қытай, Үндістан және Бразилияның жиынтық экономикалық өнімі Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Канада, АҚШ-ты қоса алғанда басып озады. Бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен БҰҰ Даму Бағдарламасының «Оңтүстіктің өрлеуі: алуан түрлі әлемдегі адами прогресс» атты ғаламдық баяндамасының аймақтық тұсаукесері барысында БҰҰ ДБ Аймақтық орталығының директоры Оливер Адам осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгінгі даму әлемі 1995 жылмен салыстырғанда әлдеқайда өзгеріп кетті. Геосаяси әсерлердің арқасында дамушы елдер пайда болды. «Бұл баяндамада біз алғаш рет өсім мен өзгерістер рычагына айналатын «Оңтүстіктің өрлеуіне» барынша мән беріп отырмыз. Расында, оңтүстіктен келетін қайта құрылымдауларды әлемнің көптеген халықтары бастан кешіп отыр. Адам дамуы туралы баяндаманың мәліметтері бойынша, 2020 жылға қарай үш державаның: Қытай, Үндістан және Бразилияның жиынтық экономикалық өнімі Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Канада, АҚШ-ты қоса алғанда басып озады. Бұндай өзгерістердің өзі дәл осы оңтүстіктегі тауар айналымының ағынына, технологиялар жасауға, инвестицияға да барынша әсер етпек», - деді О. Адам.

Сонымен қатар, БҰҰ өкілі Қазақстанның аймақтағы лидерлік қарымына тоқтала келе, еліміздің «жасыл экономика» бастамасын барынша қолдайтынын, Қазақстанның «өңірлік дауысының» нығаюына, көшбасшылығына қолдау білдіретінін атап өтті.