БҰҰ ДБ Қазақстанда «жасыл» технологияларды дамытуға 60 млн. доллар бөлді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1993 жылдан бері БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда «жасыл» технологияларды дамытуға 60 млн. АҚШ доллары шамасында қаражат бөлген.

Бұл туралы бүгін БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Мунхтуя Алтангерел мәлім етті.

«1993 жылдан бастап, БҰҰ ДБ Қазақстанда «жасыл» технологияларды дамыту, әсіресе ауылдық жерлерде энерготиімді жабдықтарды енгізу бағытында 60 млн. доллар қаражат бөлді. Бізде жақсы жобалар қалыптасты. Қазақстанның барлық аймақтарында жемісті тәжірибелеріміз бар», - деді ол.

Оның айтуынша, соңғы жылдары осы бағыттағы үдеріс қарқын ала бастаған.

«Бізге, әсіресе, жергілікті қауымдастықпен жұмыс істеген ұнайды. Олар өте қатты белсенді. Алда бізде бұдан да үлкен нәтижелер болады деп үміттенеміз. Біз 90-шы жылдар кедейшілікпен күрес жобаларымен, жұмыспен қамту мәселелерімен көп айналысқан болсақ, қиын кезең болғанын ешкім жасырмайды, қазір біз тіпті басқа жұмыстарға мән берудеміз. Осыдан-ақ Қазақстанның қаншалықты қуаттана түскенін, әлеуетінің жоғары екенін көре аламыз. Біз қазір Қазақстан тәжірибесін аймақтағы өзге мемлекеттерге көрсете бастадық. Сондықтан біздің әріптестігіміздің деңгейі өте жоғары сатыға көтерілді», - деп атап өтті М.Алтангерел.

Өкілдің сөзі бойынша, БҰҰ ДБ бұдан бөлек 40-қа тарта жобаны қолға алып отыр.

«Қаражат гранттық негізде бөлінеді. Кез келген ұйым қатыса алады. Мысалы, жақында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен айналысатын қоғамдық ұйымдар арасында гранттық байқау өтті. Бұл да біз үшін өзекті мәселе», - деп түйді сөзін М.Алтангерел.