БҰҰ донорлардан Тәжікстанға 7,7 миллион доллар бөлуді сұрап отыр

НЬЮ-ЙОРК. Тамыздың  13-і.  ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Біріккен  Ұлттар ұйымы   донорларға    Тәжікстанға   су  тасқыны  мен лай көшкінінің  салдарын  еңсеруге  көмектесу туралы  өтініш   жасады.   Біріккен  Ұлттар Ұйымының атына   республика Үкіметінен      сәйкес    өтініш  түсіп  отыр.

Тәжікстанда ағымдағы жылдың сәуір  және  мамыр  айларында   болған нөсер  жауын      26 адамның  қазасына  әкелген болатын.    3 мыңнан  астам   тұрғын   өз  баспаналарын тастап  кетуге  мәжбүр болған.  Алты аптаның ішінде  2 мыңнан  астам  үй,  аурухана,  мектеп  және басқа  да  нысандар  қирады.    Қыс  түскенге  дейін ел Үкіметі    2 мыңнан  астам  адамның баспана мәселесін шешуі керек.  Оған қоса,    өкімет   дәрі-дәрмектердің, мектеп жабдықтарының қорларын  толтыруы,    20 мың адамның ауыз суға қолжетімділігін  қамтамасыз  етуі  керек.

Қазіргі уақытта  Тәжікстан  Үкіметі  7,7  миллион  долларға мұқтаж, бұл   қаражатты   үкімет    өте   қажет деген  17 жобаны  жүзеге асыруға   жұмсамақ.