БҰҰ: Эль-Ниньо салдарынан тағы 49 млн адам азық-түлік тапшылығына ұшырауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (ДАТБ) күшейіп келе жатқан «Эль-Ниньо» климаттық құбылысы 2027 жылдың соңына қарай әлемде тағы кемінде 49 миллион адамның өткір азық-түлік тапшылығына тап болуына әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Анадолу .

Фото: Анадолу

ДАТБ-ның жазбаша мәлімдемесінде «Эль-Ниньо» аштықпен күресіп жатқан елдердегі жағдайды одан әрі ушықтыратыны атап өтілген. Ұйымның бағалауынша, 2027 жылдың соңына қарай өткір азық-түлік тапшылығына ұшырайтын адамдар саны 225 миллионнан 274 миллионға дейін артады.

Мәлімдемеде осылайша тағы кемінде 49 миллион адамның өткір азық-түлік тапшылығы жағдайына тап болатыны айтылған.

Мәлімдемеде келтірілген ДАТБ атқарушы директорының міндетін атқарушы Карл Скаудың айтуынша:

– «Эль-Ниньо» құбылысы онсыз да осал жағдайда тұрған миллиондаған адамның азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді, – деді ол.

ДАТБ мәліметінше, «Эль-Ниньо» құбылысының ең жоғары белсенді кезеңі биылғы қыркүйек пен желтоқсан аралығында болады деп күтіледі. Алайда оның салдары 2027 жылдың соңына дейін сезілуі мүмкін.

Ұйымның болжамынша, «Эль-Ниньоның» әсері ең алдымен Орталық Америка мен Африканың оңтүстігінде айқын байқалады.

«Эль-Ниньо» және «Ла-Нинья» дегеніміз не?

«Эль-Ниньо» – Тынық мұхитында пайда болатын климаттық құбылыс. Ол мұхит суының температурасының көтерілуіне әкеліп, әсіресе жағалаудағы өңірлерде және әлемнің көптеген бөлігінде ауа райының өзгеруіне себеп болады.

Ал «Ла-Нинья» – «Эль-Ниньоға» қарама-қарсы құбылыс. Ол әлемнің көптеген өңірінде ауа райының салқындауына ықпал етеді. Ал «Эль-Ниньо» мен «Ла-Ниньяның» ауысу кезеңінде бейтарап, яғни табиғи климаттық жағдайлар байқалады.

Еске сала кетсек, маусым айында БҰҰ алдағы апталарда Эль-Ниньо күшейетінін ескерткен

Ал көп ұзамай Аустралия Эль-Ниньо басталғанын ресми түрде жариялады.