БҰҰ: Газа секторы бес жылдан кейін тұтастай қаңырап қалуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ жаңа баяндамасына сәйкес, егер қазіргіден жағдай жақсармайтын болса, Газа секторы таяу бес жыл ішінде елсіз далаға айналуы мүмкін, деп жазады Би-би-си.

Газаға қарсы үш соғыс операциясы мен Израильдің қоршап алуы салдарынан соңғы жылдары көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер шамамен 50 жыл бұрын Израильдің өңірді басып алғанға дейінгі көрсеткіштерінен төмендеп кеткен.

БҰҰ Сауда және даму конференциясында жарияланған құжатта Газа секторының көптеген тұрғындары азық-түлік, ауызсу, электрдің жетіспеушілігінен зардап шегіп отырғаны, сонымен қатар өндіріс көлемі өте төмен, ал жұмыссыздық деңгейі жоғары екендігі айтылған.

БҰҰ өңірге халықаралық көмек қажет, алайда бұл шара қиындықты тек уақытша ғана шешеді деп санайды.