БҰҰ: Газада 2 миллионға жуық адам баспанаға мұқтаж

АСТАНА. KAZINFORM — Газада 1,7 миллионнан астам адам босқынға айналып, 1,4 миллион тұрғын азық-түлік тапшылығын көріп отыр. Ал 2 миллионға жуық адам баспанаға мұқтаж. Бұл туралы БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (ДАБ) мәлімдеді, деп Анадолы агенттігі жазды.

Фото: Анадолы

Ұйым өкілдері Женевадағы брифингте Газа секторындағы гуманитарлық жағдай туралы баяндама ұсынып, алдағы қыс мезгілі тұрғындардың жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін екенін ескертті.

Баяндамаға сәйкес, гуманитарлық көмек жеткіліксіз, ал оны жеткізуге қажетті қаржы мен аймаққа кіру мүмкіндігі шектеулі. Қараша айынан бері кемінде 40 мың уақытша баспана бүлінген немесе қираған. Сонымен қатар қоныс аударғандар тұратын аудандардың жартысынан астамына су басу қаупі төніп тұр.

Қазір Газадағы халықтың үштен екісі азық-түліктің аса тапшылығын сезінуде. Қаржы жетіспегендіктен, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы көмекті қысқартуға мәжбүр болған. Енді тұрғындарға ыстық тамақ күн сайын емес, күнара беріледі. Азық-түлік жиынтықтары мен ақшалай көмек көлемі де шектелген.

БҰҰ мәліметінше, Газа халқының 80 пайызы жұмыссыз. Газ бен отынның тапшылығы және қымбаттауы салдарынан кейбір отбасылар тамақ пісіру үшін қоқыс жағуға мәжбүр.

Халықаралық көші-қон ұйымына баспанамен қамтамасыз ету бағдарламаларын жалғастыру үшін 173 миллион доллар қажет. Бұл қаражат шатырлар, брезент, көрпелер мен уақытша баспаналарды жөндеуге арналған материалдар сатып алуға жұмсалмақ.

Ал Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы алдағы алты айда Палестина аумағындағы 2 миллион адамға көмек көрсету үшін 436 миллион доллар қаржы тапшы екенін мәлімдеді.

БҰҰ-ның болжамынша, гуманитарлық көмек жалғаспаса, 2026 жылдың соңына қарай Газа халқының 90 пайызына тең 1,9 миллион адам азық-түліктің өткір тапшылығына тап болуы мүмкін.

БҰҰ өкілдері қыс мезгілінде тұрғындарға қауіпсіз баспана, жылы киім, көрпе және тамақ дайындауға қажетті отын шұғыл керек екенін атап өтті. Олар гуманитарлық көмекті ұлғайтып, Газа секторына тұрақты әрі кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге шақырды.