БҰҰ: Газада 50 мың жүкті және бала емізетін әйел бірнеше күннен бері аш отыр

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты орналастыру қоры (UNFPA) Газа секторында 50 мыңға жуық жүкті және бала емізетін әйел бірнеше күннен бері тамаққа қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді, деп хабарлайды Anadolu.

UNFPA-ның Араб елдері бойынша аймақтық кеңсесі мәлімдеме жасап, Газадағы жүкті әйелдер, аналар мен сәбилердің жағдайы өте нашар екенін жеткізді.

– Газа секторындағы жүкті және бала емізетін 50 мың әйел бірнеше күннен бері тамақ ішпей отыр. Нәрестелер тым ерте немесе шала туылып жатыр, - делінген хабарламада.

Мәлімдемеде аналар арасындағы дұрыс тамақтанбау күрделі мәселе болып отырғаны, сондай-ақ нәрестелерге беретін сүт қоспалары таусылғаны айтылған.

- Газа секторындағы жаңа туған нәрестелерге өлім немесе өмір бойы асқыну қаупі төніп тұр. Бұған жол бермеуге болады — гуманитарлық көмекке қолжетімділікті ашыңыздар, - деп мәлімдеді ұйым.

Наурыз айынан бастап Газа секторындағы шекара өткелдері арқылы гуманитарлық көмек жеткізуге тосқауыл қойған Израиль шабуылдары аймақта ауқымды гуманитарлық апат тудырды.

Израиль армиясы азаматтық инфрақұрылым нысандарына және қоныс аударған палестиналықтарға жүйелі түрде соққы беріп жатыр. Сондай-ақ АҚШ пен Израильдің қолдауымен Газа гуманитарлық көмек қорының көмегімен құрылған аймақтарға бет алған, аштықтан зардап шеккен газалықтарға шабуыл жасалғаны туралы хабарланды.

27 мамырдан бастап «өлім тұзағы» ретінде пайдаланылатын көмек тарату орталықтарының жанында Израиль шабуылынан қаза тапқандар саны 766-ға, ал жараланғандар 5044-ке жетті.

Израиль мен ХАМАС Газадағы атысты тоқтату бойынша келісімге келе бастағанын жазған едік.