БҰҰ Индонезияға 50,5 млн доллар көмек бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Индонезиядағы табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек көрсететін жоспар әзірледі. Жоспардың жалпы құны 50,5 млн доллар, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның жаңалықтар сайтына сілтеме жасап.

Жария етілген көмек жоспары 191 мың адамға үш ай бойы үздіксіз көмек көрсетуді көздейді. Аталған жоспар Индонезия үкіметімен бірлесіп әзірленген. Бұл туралы Женевада өткен жиында БҰҰ гуманитарлық мәселелер бойынша басқармасының өкілі Йенс Лэрке айтты.

Айта кетейік, 28 қыркүйек, жұма күні Индонезияның Орталық Сулавеси провинциясында екі рет жер сілкінді. Оның біреуінде жер сілкінісінің қуаты 7,4 балға жетті. Жер сілкінісінен кейін провинцияның орталығы саналатын Палу қаласында биіктігі 2 метрлік күшті цунами басталды. 

Осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Индонезия Республикасының Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Жер сілкінісі мен цунами салдарынан қаза тапқандар саны 1,2 мың адамнан асты. Соңғы деректерге қарағанда, қаза тасқандар саны 1 581 адамға жетіп, 2 500 адам жарақат алған.