БҰҰ: Израиль Газадағы журналистерді қасақана өлтіріп жатыр
ЖЕНЕВА. KAZINFORM – Палестина эксклавы БАҚ қызметкерлері үшін әлемдегі ең қауіпті жерлердің біріне айналды, деп жазды Анадолы агенттігі.
Израиль әскерилері тарапынан Газа секторында журналистердің өлтірілуі әдейі жасалған әрекет болуы мүмкін.
Бұл туралы БҰҰ-ның бас комиссарының оккупацияланған палестиналық аумақтар жөніндегі өкілі Аджит Сунгай «Анадолу» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты. Сұхбат Баспасөз бостандығының дүниежүзілік күніне (3 мамыр) орай жүргізілген.
БҰҰ өкілі қазіргі таңда палестиналық анклав – әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері үшін ең қауіпті аймақтардың бірі екенін атап өтті.
Агенттікке сұхбат берген Сунгай Газа секторында, оккупацияланған Батыс жағалау мен басқа палестиналық аймақтарда оқиғаларды жариялау үшін журналистердің ерекше күш жұмсап жатқанын айтты. «Палестина журналистер одағының деректеріне сәйкес, 2023 жылғы 7 қазаннан бері 210-нан астам палестиналық тілші қаза тапқан. Бұл әдейі жасалған әрекет деп есептейміз. Мұны дәлелдейтін белгілер бар. Олар кәсіби міндеттерін атқарып жүріп атылған», – деді ол.
Аджит Сунгай халықаралық құқыққа сәйкес, қақтығысқа қатысы жоқ барлық бейбіт тұрғындар, соның ішінде журналистер де қорғалуы тиіс екенін еске салды. Оның айтуынша, өзі өкілі болып табылатын құрылым қарап шыққан көптеген істерде бұл қағида бұзылған.
– Газада журналистер қасақана өлтірілді деген күдікпен қаралатын оқиғалар әскери қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Журналистердің өліміне қатысты тіркелген 210-нан астам жағдай мұқият тергеліп, кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс, – деді Сунгай.
Сондай-ақ ол Газа секторында журналистердің қысқа уақыт ішінде осыншалық көп қаза тапқанын бұрын-соңды көрмегенін атап өтті.
– Газа – журналистер үшін әлемдегі ең қауіпті аймақтардың бірі. Көптеген журналист қақтығыс кезінде немесе өз үйлерінде көз жұмады, кей жағдайларда олардың отбасылары да қаза табады. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Жараланған журналистердің нақты саны да бізге белгісіз, – деп түйіндеді ол.
БҰҰ өкілі кәсіби міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе жарақат алған журналистердің отбасыларына, достары мен жақындарына әлем бойынша ниеттестік білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2024 жылы әлемде 54 журналист опат болғанын жазған едік.