БҰҰ Израильді Газаны толық оккупациялауды тоқтатуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Израильді Халықаралық сот қаулысының талаптарын сақтап, Газа секторын одан әрі оккупациялауды тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Анадолы.
Бұл туралы БҰҰ ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак апта сайын өтетін баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
Журналистердің Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Газаны толық оккупациялауға қатысты сауалдарына жауап бере отырып, Хак әзірге тек болжам саналатын мәлімдемеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Соған қармастан ол осыған дейін Халықаралық соттың Израильді оккупациямен байланысты кез келген әрекетті тоқтатуға шақыратын шешім шығарғаны туралы ескертті.
«Біз Израильді осы шешімді орындауға және одан әрі оккупациялаудан бас тартуға шақырамыз»,-деді Хак.
Ол сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің бірнеше мәрте сабырлық танытып, атысты тоқтатуға шақырғанын еске салды. Бас хатшы Газа тұрғындарның 20 айдан бері қиналып жатқанын жеткізген.
Ал оккупация БҰҰ-ның өңірдегі әрекетіне қалай әсер етеді деген сауалға Хак: «Біз Газада екі жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз, ондағы жантүршігерлік жағдайға қарамастан жұмысты жалғастырып жатырмыз»,-деп жауап берді.
Осыған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының өкілі Йенс Лерке Газа секторындағы жағдайдың аса ауыр екенін айтып, миллиондаған адамды құтқару үшін күн сайын жүздеген гуманитарлық көлік жіберілуі керек екенін мәлімдегені туралы жаздық.