БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілі Тамин әл-Хитанның мәлімдеуінше, аталған белсенділер халықаралық суларда ұсталып, кейін Израильге жеткізілген. Қазіргі уақытта олар айып тағылмастан қамауда отыр.
БҰҰ Израильден Газаға гуманитарлық көмек апарған флотилия мүшелерін босатуды талап етті
АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымы Израильден Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге бағытталған флотилия мүшелері — испаниялық белсенді Саиф Абу Кешек пен Бразилия азаматы Тьяго Авиланы дереу және шартсыз босатуды талап етті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Сонымен қатар, БҰҰ ұсталғандарға қатысты «қатыгез қарым-қатынас» туралы алаңдатарлық ақпараттарды тексеруге және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға шақырды.
Белсенділердің өкілдерінің мәліметінше, флотилияның екі мүшесі алтыншы күн қатарынан аштық жариялап отыр. Бұған дейін Adalah құқық қорғау ұйымы олардың оқшау жағдайда ұсталып отырғанын, камерадан шығарылған кезде, оның ішінде медициналық рәсімдер барысында да көздері байланатынын хабарлаған.
БҰҰ сондай-ақ Израильдің «еркінен тыс ұстау» тәжірибесін және кеңінен түсіндірілетін терроризмге қарсы заңнаманы сынға алды. Ұйым бұл шаралар халықаралық адам құқықтары нормаларына қайшы келеді деп есептейді.
Бұдан бөлек, БҰҰ Израильден Газа секторына қойылған блокаданы тоқтатуды және гуманитарлық көмектің жеткілікті көлемде кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.
Өз кезегінде Израиль Сыртқы істер министрлігі қатыгездік туралы айыптауларды жоққа шығарып, әскери күштердің әрекеті халықаралық құқыққа сәйкес болғанын және «заңды теңіз блокадасын» бұзуға жол бермеуге бағытталғанын мәлімдеді.
Израиль тарапының мәліметінше, Абу Кешек Израиль мен АҚШ ХАМАС-пен байланысты деп санайтын Popular Conference for Palestinians Abroad ұйымымен байланысты болуы мүмкін. Ал Авила заңсыз қызметке қатысы бар деген күдікке ілінген.
Еске салсақ, Global Sumud Flotilla флотилиясы сәуір айының соңында Франция, Испания және Италиядан шығып, Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізу және Израиль блокадасын бұзуға талпыныс жасау мақсатында жолға шыққан.
Сонымен қатар, Израиль әскери-теңіз күштері флотилия құрамындағы 58 кеменің 21-ін тоқтатып, 175 қатысушыны ұстаған. Абу Кешек пен Авиладан басқа қатысушылардың барлығы кейін Грекияда босатылған.