БҰҰ Израильдің ХАМАС мүшелеріне өлім жазасын енгізу туралы заңын сынады

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Израильде ХАМАС қозғалысына қарасты бөлімше мүшелеріне өлім жазасын қолдануды қарастыратын жаңа заңды қатаң сынға алды, деп хабарлайды IRNA агенттігі.

Фото: Unfoundation.org

Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай шаралар халықаралық адам құқықтары нормаларына қайшы келеді және кемсітушілік сипатқа ие.

Бастамаға қатысты сыни пікірді БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак білдірді. Ол Израиль парламентінің ХАМАС қозғалысына байланысты «Нухба» бөлімшесінің қолға түскен мүшелеріне өлім жазасын тағайындауға мүмкіндік беретін заңның мақұлдануына қатысты үн қатты.

Фархан Хактың айтуынша, БҰҰ жекелеген топтарға ерекше жаза түрлерін қолдануды көздейтін кез келген заңға қарсы.

– Халықаралық құқық қарулы қақтығыс жағдайында да негізгі адам құқықтарының сақталуын талап етеді, – деді ол.

Жаңа заңды Кнессет көпшілік дауыспен қабылдаған. Құжат Израиль соттарына шабуылдарға қатысқан адамдарға өлім жазасын тағайындауға, сондай-ақ ашық сот процестерін өткізуге құқық береді.

Бұл шешім Израиль ішінде де, халықаралық деңгейде де қызу пікірталас тудырды. Заңды қолдаушылар оны ХАМАС шабуылдарына қажетті жауап деп есептейді. Ал құқық қорғау ұйымдары халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуы және қақтығыстың одан әрі ушығу қаупі туралы ескертіп отыр.

БҰҰ соңғы онжылдықтарда әлемдік тәжірибе өлім жазасынан бас тарту бағытына бет алғанын да еске салды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жоғары жазаны саяси немесе топтық белгілер бойынша қолдану халықаралық қауымдастықта елеулі алаңдаушылық туғызады.

Бұған дейін 2023 жылғы 7 қазандағы терактілерге қатысы бар деп айыпталғандарға өлім жазасын тағайындай алатын арнайы трибунал құру туралы заң жобасы Израильдің 120 орындық Кнессетінде 93 депутаттың қолдауымен қабылданғаны хабарланған еді. Қарсы дауыс болмаған.

Арнайы трибунал Иерусалим қаласында орналасады. Сот отырыстары ашық түрде өтіп, аудио және видео форматта жазылады. Сондай-ақ тыңдаулар арнайы веб-сайт арқылы тікелей көрсетіледі.