БҰҰ: Қаржы тапшылығы АИТВ мен ЖИТС жұқтырған миллиондаған өмірге қауіп төндіріп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС бойынша Біріккен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) бейсенбі күні 2025 жылға арналған Жаһандық шолуын жариялады. «ЖИТС, дағдарыс және өзгерістер күші» деп аталған баяндамада, тарихи ауқымдағы қаржылық дағдарыс АИТВ және ЖИТС-пен күрестегі ондаған жылдық жетістікті жоққа шығаруы мүмкін екені туралы ескертіледі, деп жазды БҰҰ ресми сайты.
2024 жылы 9,2 миллион АИТВ-мен өмір сүретін адам өмірлік маңызы бар медициналық көмекке қол жеткізе алмады. Олардың арасында 620 мың бала болды.
Баяндамада ең көп зардап шеккен елдердегі халықаралық донорлардың кенеттен және ауқымды қаржылық қысқартуының теріс әсері ерекше атап өтілген. Сонымен бірге, қиындықтарға қарамастан, кейбір елдер мен қауымдастықтардың қол жеткізген нәтижелерін сақтап, күресті жалғастырудағы белсенді әрекеттерінің жағымды мысалдары келтірілген.
Баяндамада қамтылған табысы төмен және орташа 60 елдің ішінен 25 ел 2026 жылы АИТВ-мен күреске арналған ішкі бюджетін арттырғанын хабарлаған. Бұл елдердің жиынтық бюджеті шамамен 8% өсіп, 180 миллион долларды құрайды деп бағаланған. Бұл үміт ұялататын нәтиже болғанымен, сыртқы көмекке қатты тәуелді елдер үшін халықаралық қаржыландыруды толықтай алмастыра алмайды.
«Баяу жарылатын бомба»
2024 жылы АИТВ-мен күресте айтарлықтай жетістікке қол жеткізілгенімен, 2025 жылы халықаралық көмекке деген ынтымақтастықтың әлсіреуі мен күрт қаржылық тапшылық денсаулық сақтау жүйелерінде кең ауқымды іркілістерге әкеліп, медицина қызметкерлерінің қысқаруына, алдын алу бағдарламаларының тоқтауына және АИТВ-мен емдеу қызметтерінің қауіпке ұшырауына себеп болды. Тек бір ғана Мозамбикте бұл 30 мыңнан астам медицина қызметкеріне әсер еткен. Нигерияда профилактикалық препарат қабылдауды бастаған адамдар саны айына 40 мыңнан 6 мыңға дейін қысқарған.
Егер АҚШ қолдайтын АИТВ-мен емдеу және алдын алу қызметтері толық тоқтаса, ЮНЭЙДС мәліметінше, 2025–2029 жылдар аралығында 6 миллион жаңа жұқтыру және ЖИТС-ке байланысты 4 миллион қосымша өлім тіркелуі мүмкін.
— Бұл жай ғана қаржыландыру тапшылығы емес — бұл баяу жарылатын бомба, — деді ЮНЭЙДС атқарушы директоры Винни Бьянима. — Көптеген қызмет түрлері жоғалып жатыр. Медицина қызметкерлері үйлеріне жіберілген. Адамдар — әсіресе балалар мен осал топтар — медициналық көмектен айырылып отыр.
Жағдай бұрыннан күрделі болған
Тіпті қызметтердің ауқымды іркілісінен бұрын, 2024 жылы 9,2 миллион адам өмірлік маңызды медициналық көмекке қол жеткізе алмаған. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі 620 мың бала бар.
Сол жылы ЖИТС-пен байланысты себептерден 630 мың адам көз жұмды, олардың 61%-ы Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде болды. 15–24 жас аралығындағы 210 мыңнан астам жасөспірім қыздар мен әйелдер АИТВ жұқтырған.
Қауымдастық деңгейіндегі қызметтер, әсіресе маргиналды топтарды қамтуда маңызды рөл атқаратын көмектер өте жоғары жылдамдықпен қаржыландырусыз қалып отыр. 2025 жылдың басында әйелдер басқаратын АИТВ-мен күрес ұйымдарының 60%-дан астамы қаржылық қолдаудан айырылған немесе жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.
Сонымен қатар, біржынысты қатынастарды, гендерлік сәйкестікті және есірткі қолдануды қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңдардың көбеюі жағдайды қиындата түспек. Уганда, Мали және Тринидад пен Тобаго сияқты елдер мұндай заңдарды қатайтып, осал топтарды медициналық көмектен одан әрі алыстатып, АИТВ жұқтыру қаупін күрт арттырып отыр.
Үміт сәулесі
Баяндамада жағымды өзгерістер де аталады. Мәселен, Оңтүстік Африка бүгінде өз еліндегі АИТВ-мен күрес шараларының 77% өзі қаржыландырады. 2025 жылға арналған ел бюджетіндегі денсаулық сақтау шығындары алдағы үш жылда жыл сайын 5,9%-ға артуы көзделген. Оның ішінде АИТВ мен туберкулезге арналған бағдарламаларға – 3,3% артады. Үкімет науқастар туралы ақпараттық жүйені, дәрі-дәрмек тарату орталығын және медициналық мекемелердегі дәрі-дәрмек қорын бақылау жүйесін әзірлеуді жоспарлап отыр.
2024 жылдың желтоқсанына қарай Ботсвана, Эсватини, Лесото, Намибия, Руанда, Замбия және Зимбабве сияқты жеті ел 95-95-95 мақсатына қол жеткізген: АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 95%-ы өз статусы туралы біледі, олардың 95%-ы ем қабылдап жатыр, ал ем қабылдаушылардың 95%-ы вирус деңгейін басқан.
Жаңа дәрілер мен болашақ мүмкіндіктер
Баяндамада ұзақ әсер ететін инъекциялық дәрілер, соның ішінде клиникалық сынақтарда жоғары тиімділігін көрсеткен ленакапавир сияқты заманауи профилактикалық құралдардың пайда болғаны туралы айтылған. Алайда олардың қолжетімділігі мен бағасы әлі де кедергі болып тұр.
— Бұл дағдарысты жаңа мүмкіндік терезесіне айналдыруға әлі де уақыт бар, — деді Винни Бьянима. — Елдер ішкі қаржыландыруын арттыруда. Қауымдастықтар күресті тоқтатпай отыр. Бізге жаһандық ынтымақ қажет — олардың батылдығы мен табандылығына сай әрекет етуіміз керек.
Ынтымаққа үндеу
2025 жылғы ЖИТС жағдайы туралы жаһандық шолудың қорытындысында мынандай үндеу бар: АИТВ-мен күрес тек ішкі ресурстарға ғана сүйенбеуі керек. Халықаралық қауымдастық қаржыландыру алшақтығын жабуға, алдын алу мен емдеудегі бос кеңістіктерді толтыруға, заңдық және әлеуметтік кедергілерді жоюға және қауымдастықтардың көшбасшылығын нығайтуға бірлесіп жұмыс істеуі қажет.
ЮНЭЙДС атап өткендей, АИТВ-мен күреске салынған әрбір доллар тек өмірді сақтап қалмай, сонымен бірге денсаулық сақтау жүйелерін күшейтіп, кең ауқымды даму мақсаттарына жетуге көмектеседі. Эпидемия басталғалы бері 26,9 миллион өлім алдын алынып, 4,4 миллион бала АИТВ жұқтырудан сақталған.
— Қиындық кезеңінде әлем артқа шегінуді емес, алға жылжуды таңдауы керек, — деді ЮНЭЙДС басшысы. — Егер біз тез, бірлікпен және табандылықпен әрекет етсек, 2030 жылға қарай ЖИТС-ті қоғамдық денсаулық сақтау қатері ретінде жоя аламыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ Газада 50 мың жүкті және бала емізетін әйел бірнеше күннен бері аш отырғанын айтып, дабыл қаққан еді.