БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болу - Қазақстан әлемдік аренада өз орнын ойып алады деген арманға нақты жасалған қадам
***
Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болды деген хабар жетті. Бұған дейінгі хабарлардан Азия-Тынық мұхиты аймағы мемлекеттері атынан 1-орынға Қазақстан және Таиланд елдері таласқаны да белгілі. Әлем мемлекеттері бізді қолдады.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің өркендеуіне сіңірген еңбегінің тағы бір өлшемі осындай деуге болар. БҰҰ - бірінші кезекте бейбітшілікті қолдаушы ұйым. Әрбір елдің саяси тұрақтылығын, бірлігін бағалайды. Биылғы Елбасы АҚШ-та өткен төртінші антиядролық жаһандық саммиттегі манифесінде көптеген мәселелерді қозғады. Біздің студенттеріміз де Елбасының әрбір Жолдауы, жаңашыл реформаларын қолдайды. Еліміздің әлемдегі қарусыздану саясатының эталоны болғанын, Семей ядролық полигонын жабу, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту сияқты бастамашыл бейбітшіл идеялары халықаралық қоғамдастықта қолдауға ие екенін жастар өте жақсы біледі. Еліміздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру туралы бастамасы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, қауіпсіз жаңа әлем мен әділеттілікке бағытталған G-global бастамасы елімізді бүкіл әлемге танытты. Халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құруға, соғысты болдырмауға шақырған АҚШ-тағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жарияланған Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжатына айналғаны да бәрімізге белгілі. Бірлігімізді бағалап, татулығымызды жоғалтпайық деген ұлы сөз жастардың жүрегінде. Алда Астананың туған күні қарсаңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлану - ертеңгі тарих, келешек ұрпақтың жолына жасалған үлкен сыйлық, жарқын жетістік болып табылады.
Жұмабек Омаров,
С. Торайғыров атындағы университеттің оқытушысы,
техника ғылымдарының кандидаты, доцент
ПАВЛОДАР
***
Армандар жолында аянып қалмауымыз керек
Мемлекетте оңтайсыз экономикалық өзгерістер туындаған тұста, ел экономикасы әлемдік дағдарыс толқындарын сезінген кезде, енді қандай өзгерістер болады деген кезеңде Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланғаны үлкен үміт пен сенімділік сыйлағандай болды. Бұл туралы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде мәлім болды. Бүкіл Қазақстан үшін бұл - тарихи күн. Жалпы, Қазақстан мемлекеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында тәуелсіздік алған жылдардан бері үлкен стратегиялық мақсаттар қоя білді. Біз дамыған елдермен қарым-қатынасымызды кеңейту үстіндеміз. Мақсатымыз айқын, ол - дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы тарапта біз осы мемлекеттердің жүріп өткен жолдары мен жетістіктерін сараладық. Олардың дамуындағы интеграциялық ұйымдардың рөлін зерделедік. Біз де осы ұйымдарға мүше болуға ұмтылдық. Жетістіктеріміз де ұлан-ғайыр. Орталық Азиядағы интеграциялық ұйымдардың көш басындамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланғанымыз, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз біздің әлемдік аренадағы беделімізді айқындап тұрғандай. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін Елбасы басты бағдар ретінде ЭЫДҰ-ға мүше елдердің қағидаттары мен стандарттарын пайдалануды ұсынды.
Мемлекеттер дамуында мұндай қадамдардың орны ерекше. Кез келген мемлекет өзінің дамуында шетелдік тәжірибелерге сүйенеді. Жақсы жақтарын саралайды. Өз мемлекетіне ыңғайластырады және әлемдік ұстанымдарды қолданады. Біз экономикамыздағы басымдықтар ретінде экспорттық әлеуетті арттыруға ұмтылудамыз. Ал, ол үшін әлемдік стандарттар мен қағидаттардың орны ерекше. Жақын арада Қазақстан әлемдік аренада өз орнын ойып алады деп үміттенемін. Ол - біздің арман. Ол - Елімнің арманы. Ал, армандар жолында ешқайсымыз аянып қалмауымыз керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болу осыған нақты жасалған қадам. Іске сәт, Қазақстан.
Сұлтан ӘБІЛДАЕВ,
М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы
ТАРАЗ
***
Іргеміз бекігендігінің белгісі
Кешегі сәрсенбі Қазақстан үшін ерекше күн болып тарих бетіне жазылды. Себебі, Қазақстан Республикасының келесі жылдан бастап Азия мемлекеттері тобының өкілі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланғанын ақпарат құралдары арқылы естіп, қуанып жатырмыз. Мұны, бірінші кезекте, Елбасының әлемдік саясаттағы беделінің бір жемісі деп те бағалаймыз.
Олай дейтінім, Нью-Йорктегі дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекеттің Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны көп жайды аңғартады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуға өтінім білдірген Қазақстанның бірден-бір бәсекелесі болған Тайланд Корольдігін 50-ден астам мемлекет қана жақтап дауыс беріпті. Әрине, бұл - саясат. Қандай да бір пікір айтып, ой қозғаудан аулақпыз. Біздікі ақпарат әлеміндегі жылдамдыққа тәнті бола отырып, Қазақстанның жетістігіне қуана үн қосу.
Ерекше айтып өтер жайт - 130-дан астам этнос өкілі тұратын мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаттағы беделділігі болып отыр. Ынтымағы ұйыған елімізде бейбітшіліктің беріктігі - соның жарқын дәлелі. Қалай десек те, бұл үлкен сыннан Қазақстан тағы да мүдірмей өтті. Сыртқы істер министрі дипломатиялық шеберлікті көрсете алды. Бейбітшіліктің беріктігі біздің Талдықорған қаласында да айқын көрініп тұр. Түрлі салалар бойынша келіп-кететін шетелдіктер этностар достығына разы болып, еш мін таба алмай, қайта тәнті болатынын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіп жүрміз ғой.
Шыны керек, біз, Жетісу жеріндегі зиялы қауым саясаттан тыс қалмай, дөңгеленген дүниенің де, республикамыздың ішіндегі де әр өзгерісті қалт жібермей бақылап отырамыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлығы 15 мемлекеттен құралғанын, оның ішіндегі бес мемлекеттің тұрақты мүшесі екенін де жақсы білеміз. Ал Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта үлкен беделге ие болып, екі жылдық мерзімге бес өңірлік топтар қатарынан мүшелікке сайланғаны еліміз үшін ерекше абырой. Қуанарлығы сол, ел іргесі бекіген сайын мемлекетіміздің қауіпсіздігі де күшейіп келе жатыр емес пе?!
Серікбай НҰРҒИСАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің
Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы
ТАЛДЫҚОРҒАН
***
Құрметтелудің басты көрінісі
Қазақстанның азаматы, жоғары оқу орнының жетекшісі, ғалым әрі еліміздің шынайы патриоттарының бірі ретінде оның барлық жетістіктері мен бұған дейінгі табыстарына шын жүректен қуанамын. Ортақ Отанымыз Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайланғанын естіген кезде елім үшін мерейім тасып, риясыз күй кештім.
Дәл бүгінгідей мүшеліктің орны да бөлек, мәртебесі де биік, мерейі де үстем десем, артық кетпейтін шығармын. Халқымыздың ауызекі тілдік қолданысында топ ортасынан жарып шықты, оқ бойы озық шықты деген тіркестер бар. Еліміздің дүниежүзіндегі ең салмақты, ең абыройлы әрі ең беделді саяси органның қатарына кіруі, небәрі 15 мемлекеттен құралған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бел ортасында тұруы - шын мәнінде жарқын жетістік, дара деңгей, өзге биіктер алмастыра алмайтындай шырқау шың.
Дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанды қолдапты. Осы арада олар Қазақстанға не үшін дауыс берді деген сауал туындайды. Бұл сұрақтың да жауабы өте қарапайым деуге болады. Бұл - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде орныққан еліміздің бейбітшілік сүйгіш бітім-болмысы. Бейбіт күннің қадір-қасиетін ештеңемен теңгермейтін мәрт мінезі. Өйткені, бейбітшілік пен татулық тоғысқан жерде қалған мәселелер мен проблемалар бірінен соң бірі шешімін тауып, өзінен өзі реттеле береді. Бұл сөзімізге қазіргі Қазақстан қоғамы өмірінен де нақты мысалдар тауып айтуға болады. Қысқасы, Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу - Қазақстанның осы ізгілік қасиетінің мойындалуы мен құрметтелуінің басты көрінісі және жаһандық қауіпсіздікке қосқан сүбелі үлесінің бағалануы деп ой түюге болады.
Қазақстан қай кезде де Азия тобы мемлекеттерінің атынан көш бастап келген болатын. Бұл жолы да дәл солай болды. Еліміздің бүгінгі тағы бір биік белесі оның тарихына алтын әріптермен жазылып қалатынына ешқандай күмәніміз жоқ.
Ақсерік ӘЙТІМОВ,
Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық
жүйелер университетінің ректоры
Батыс Қазақстан облысы
***
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы маусымның 28-і тәуелсіз Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалатыны анық. Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі - Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын.
Айта кетерлігі, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болу жөніндегі бастама алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстанның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келе, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, мемлекет өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойған болатын. Мұны Президент Н. Назарбаев: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздігінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», - деп атап өткен еді. Осы уақыттан бері қазақстандық дипломатия алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты әрі қызу жұмыстарға кірісті. Беделді Ұйымның құрылымына мүше болу үшін кемінде 193 мемлекеттің 129-ының сенімін алу керек болатын.
Ал мұндай мүшеліктен Қазақстан не ұтады дегенге келсек, бұл - ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қауымдастық та мойындап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тұғырындағы тұңғыш шешімі - Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы жарлық болды. 2009 жылы, Орталық Азияда Ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Осы бастамалардың өзі Қазақстанның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақстандық бастамалар елімізді сөзсіз көшбасшыға айналдырды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің Қазақстан кандидатурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан ендігі кездері осынау көшбасшылық ұстанымын одан сайын белсенді түрде ілгерілететін болады. Яғни, Кеңеске мүшелікті Қазақстанның аймақтық қана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің тиісінше бағалануы деп қараған жөн. Ал ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ.
Тоқтала кететін жайт, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылып, 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет: Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған-ды. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің жалпы саны - 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады. Тұрақты емес мүшелерді сайлау өңірлік принциптер бойынша жүргізіледі. Мәселен, бұған дейінгі сайлауда өз кандидатураларын ұсынған Ангола, Венесуэла және Малайзия сол өңірлердегі бірден-бір үміткерлер болса, қалған екі орын үшін бәсеке қызу өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңінде 145 дауыс жинаған Жаңа Зеландия Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енді. Ал екінші кезеңде негізгі қарсыласы Түркиядан 60 дауыс артық жинап, 132 мемлекеттің сеніміне ие болған Испания ұйым мүшелігіне қабылданған болатын.
БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер де бар. Мәселен, Жапония мен Бразилия Кеңес құрамына тоғыз рет қабылданса, Үндістан алты, Германия үш мәрте мүше болған екен. Есесіне, Қауіпсіздік Кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлдем қабылданбаған 60 мемлекет бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттерден Украина, Белоруссия мен Әзербайжан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылып отыр. Айта кетейік, Қазақстан Азия елдері тобынан бұған дейін сайланған Малайзияны алмастыратын болады.«ҚР Президенті Н.Назарбаев пен барша қазақстандықтарды Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтаймын. БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болды. Бұл - шын мәнінде тарихи оқиға. Бұл - Елбасы бастаған отандық дипломатияның тарихи жеңісі, бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екеніміздің айқын көрінісі болып табылады. Осы оқиға орын алуы үшін бір топ қазақстандық дипломаттар, қоғам қайраткерлері өздерінің қомақты үлесін қосты. Дүрбелеңге толы аса күрделі ғаламдық ахуал жағдайында Қазақстанның осындай беделді әрі жауапты миссияны абыроймен атқаратынына кәміл сенеміз!» - деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі болып сайлануы - бұл Қазақстанның, ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы жетістіктерінің белгісі!», - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
«Бүкіл Қазақстан үшін бұл тарихи күн, өйткені біздің еліміз БҰҰ Жарғысы бойынша ғаламдық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азияның мемлекеті болды. Бүгінгі нәтиже - халықаралық деңгейдегі Қазақстанның және біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасының биік беделінің, оның ғаламдық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын куәлігі!» - деді Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі.
«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы елге деген құрмет пен халықаралық беделінің мойындалуының тағы бір дәлелі, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік істерде белсенді рөл атқаратынын мойындағанының айғағы. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық өмірдің барлық саласын қамтитын, әлем мен адамзат тағдырына мемлекеттің терең алаңдаушылығын көрсететін, стратегиялық маңызы бар бірқатар ішкі саяси бастамаларды көтерді. Азиядағы қауіпсіздік мәселелер жиынтығына Президент Назарбаевтың жаңашыл көзқарасы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесте іс жүзінде жүзеге асты; Ядролық қаруды таратпау мәселелеріне принципті және сындарлы көзқарасының арқасында 2015 жылы 7 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады; Қазақстан Президентінің бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне жол ашты. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы Қазақстанның ШЫҰ төрағалығына тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар. Қазақстанның сайлануы және Ресей мен Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болуы аймақтық өзекті мәселелерді шешуде ШЫҰ мен БҰҰ бұрынғыдан да тиімдірек бірлесіп әрекет етуіне мүмкіндік береді», - деп атап өтті ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов.
Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына тұрақты емес мүше болуы - тарихи жеңіс. Еліміздің, Елбасының жеңісі. Біздің еліміз - Орталық Азиядағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамына сайланған тұңғыш мемлекет. Бұл жеңіске жету жолында қазақ елі көп еңбектенді. Қарусыздану саясатының эталоны болған Қазақстан мен оның басшысының Семей ядролық полигонын жабуы, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы халықаралық қоғамдастықта қолдауға ие болды. Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастамасы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, қауіпсіз жаңа əлем мен əділеттілікке негізделген G-Global бастамасы Қазақстанды əлемде саяси сенім қалыптастырушы көшбасшы ретінде танытты. Халықаралық қоғамдастықты ядросыз əлем құруға, кез келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алуға шақырған ҚР Президентінің «Əлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжатына айналды. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы - еліміздің халықаралық жоғарғы беделінің айшықты айғағы», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.