БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украинадағы МН17 апатын тыңғылықты тергеуді талап етуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Донецк маңындағы әуе апатын халықаралық тұрғыда тексеруге шақырды, деп хабарлады ВВС.

«БҰҰ ҚК мүшелері ИКАО ережелеріне сәйкес, аталған оқиғаға толық, тыңғылықты және тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуге шақырды», -делінген Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесінде.

Құжаттың авторлары сонымен қатар барлық тараптар ұшақ апатының орнына тергеушілердің емін-еркін баруына рұқсат беру керектігін алға тартуда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, малазиялық «Боинг-777» Украинаның Донецк облысында бейсенбі күні кешқұрым апатқа ұшараған болатын. Оның бортындағы 298 адамның барлығы ажал құшты.