БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне ҚР кандидатурасын ілгерілету бойынша арнайы өкіл еуропалық елдерге сапармен барды

АСТАНА. ҚАзАқпарат - Қазақстан Республикасының кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне ілгерілету мақсатында ҚР Президентінің арнайы өкілі ретінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков Швеция, Бельгия және Монако елдеріне сапармен барып қайтты.

Стокгольм қаласындағы сапар бағдарламасы Швеция Парламентінің спикері Урбан Алинмен, Швеция Премьер-министрі жанындағы Сыртқы істер және Еуропалық Одақ мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Ханс Дальгренмен, Швецияның Кәсіпкерлік және инновациялар министрі жанындағы мемлекеттік хатшысы Оскар Стенстрёммен және Швеция СІМ Саяси мәселелер жөніндегі бас директоры Торбьёрн Сольстрёммен кездесулерді қамтыды.

Брюссель қаласында сапар аясында Бельгия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі кабинетінің басшысы Марк Пекстинмен кездесуі өткізді.

Монакода А. Волков Монако Үкіметінің Сыртқы байланыстар мен ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі (Сыртқы істер министрі) Жиль Тоннелимен келіссөздер жүргізді.

Барлық кездесулер достық пен өзара түсіністік сипатында өтті. ҚР Президенті арнайы өкілінің сұхбаттастары еліміздің және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемдегі ядролық қарусыздандыруға, Орталық Азия аймағында өзара сыйластық, сенім және қолдау жағдайын құруға, еуразиялық континенттің саяси және экономикалық өмірдегі интеграциялық бастамалары мен инновациялық қадамдарындағы үлесін атап өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.