БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қатысты санкцияларды тоқтата алмады
АСТАНА. KAZINFORM – Жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ресей мен Қытай ұсынған Иранға қарсы санкцияларды қайта қалпына келтіруді кейінге қалдыру жөніндегі қарарды қабылдай алмады, деп хабарлайды «БҰҰ жаңалықтары».
Қарарды төрт мемлекет (Алжир, Қытай, Пәкістан және Ресей) қолдап дауыс берсе, тоғыз делегация (Ұлыбритания, Дания, Франция, Грекия, Панама, Сьерра-Леоне, Словения, Сомали) қарсы болды, ал Гайана мен Корея Республикасы қалыс қалды.
Дауыстауға «ирандық ядролық келісімге» қатысты резолюцияның қолданылу мерзімін ұзартуды көздейтін құжат қойылды.
Еске сала кетсек, 2015 жылы Иранның ядролық бағдарламасына байланысты бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары қабылданған болатын. Бұл келісім шеңберінде Иран өзінің ядролық бағдарламасына шектеу қойып, есесіне бұрын енгізілген санкциялар алынып тасталды.
Сонымен қатар, құжатта егер Иран өз міндеттемелерін орындамаса, санкцияларды жедел қайта қалпына келтіру (snapback) тетігі қарастырылды.
Ресей мен Қытай ұсынған жобалық қарар Франция, Германия және Ұлыбритания тарапынан осы тетікті қолдануға байланысты жасалған шешімге жауап ретінде енгізілген еді. Құжат қабылданбағандықтан, санкциялар 28 қыркүйектен бастап қайта күшіне енеді.
Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский дауыс берер алдында Еуропа елдері мен АҚШ-ты «эскалация бағытын ұстанып отыр» деп айыптады. Оның айтуынша, Иран барлық талаптарды орындағанымен, санкцияны кейінге қалдыруға қатысты ұсыныстар қабылданбады.
Ал Ұлыбританияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Барбара Вудворд Иранның ядролық қаруды таратпауға қатысты халықаралық режимді құрметтемейтінін атап өтті. Ол МАГАТЭ-нің соңғы алты жылда дайындаған 60-тан астам баяндамасына сүйене отырып, санкциялардың қайта күшіне енетінін және БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер оларды орындауға міндетті екенін айтты.
Сонымен бірге, Вудворд Ұлыбритания болашақта санкцияларды алып тастауға мүмкіндік беретін дипломатиялық шешім іздеуге дайын екенін жеткізді.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қазіргі жағдайды АҚШ-тың ядролық келісімнен шығуының және Еуропаның өз міндеттемелерін орындаудағы әлсіздігінің салдары деп атады.
Бұған қоса, Тегеран Еуропа елдерінің санкцияларды қайтару әрекетіне жауап ретінде МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтататынын жариялады.