БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты шұғыл жиын өткізді
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған жаппай әуе шабуылынан кейін шұғыл жиын өткізді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке үлкен қатер төніп тұрғанын» ескертті, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтары.
Гутерриш өз сөзінде Таяу Шығыстағы әскери әрекет «әлемдегі ең тұрақсыз аймақта ешкім бақылай алмайтын оқиғалар тізбегін тудыруы мүмкін» деп атап өтті. Ол Тегеран аймаққа жауап соққыларын жасағаннан кейін «бұдан әрі шиеленісудің алдын алу үшін барлық шараларды қабылдау» қажеттігін баса айтты.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Амир-Саид Иравани қақтығысты БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқықты бұзу деп бағаласа, Пәкістан елшісі Асим Ифтихар Ахмад Иранның соққыларын айыптап, оны «бауырлас Парсы шығанағы елдерінің егемендігін өрескел бұзу» деп атады. Ол сондай-ақ БАӘ-де құлаған зымыран сынықтарынан қаза тапқан пәкістандық азаматтың қазасына байланысты көңіл айтты.
Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Дэнни Данон Қауіпсіздік кеңесінде АҚШ пен Израиль «экзистенциалды қауіп-қатер қайтымсыз жағдайға жетпей тұрып, оған қарсы тұру және тоқтату үшін» әрекет еткенін айтты.
— Біз импульсивті, агрессивті әрекет етпедік. Біз қажеттіліктен әрекет еттік, өйткені Иран режимі бізге ақылға қонымды балама қалдырмады, — деді ол.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында Таяу Шығыстағы әскери шиеленісті қатаң сынға алғаны туралы жаздық.