БҰҰ: Қазақстан экономикалық тұрақтылықты сақтап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламасын қалыптастырды

None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстан қазіргі құбылмалы кезеңнің қауіптерін күтпей-ақ, экономикалық тұрақтылықты сақтап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өз бағдарламасын қалыптастырды.

Бұл - Елбасының жолдауына байланысты Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінде берілген баға. Тіпті ұйым басшысы Пан Ги Муннің өзі Бас ассамблеядағы баяндамасында еліміздің өсіп-өркендеу бағдарламасында бар бағыттарды тілге тиек етті. Әлбетте, БҰҰ штаб-пәтерінің сарапшылары белгілі бір елдегі жолдауды немесе ұлттық жобаны ашықтан-ашық талқылай алмайды. Олар Қазақстаннан басқа ұйымға мүше 192 елді де негізге ала отырып, жалпы дамудың бағыт-бағдарын айқындап отырады. Алайда, Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жолдауы мұндағыларды бей-жай қалдырған жоқ. Өйткені ондағы экономикалық және әлеуметтік әлеуетті жақсартуға арналған бағдарламалар алпауыт ұйым құжатына сай аталған мақсаттарға жетудің мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл жөнінде Қазақстаның БҰҰ-ның Нью-Йорктегі тұрақты үкіметіне жолдаған хаттарында халықаралық ұйым жетекшілері жазған болатын. Әсіресе, Бас Хатшының орынбасары У Хонбо: «Нұрлы жол» батыл қадамдарды жоспарлаумен қатар, оны жүзеге асыру жолдарын жан-жақты зерделеп, қазір БҰҰ-на мүше мемлекеттер талқылап жатқан 2015 жылдан кейінгі даму кезеңінің күн тәртібін қарастырады», - деп атап өткен еді. Ұйымдағы басқа жетекшілердің де пікірлері де осыған саяды. «Нұрлы жол» Жолдауындағы бағыт-бағдарлар тек қана бір елдің ғана емес, бүкіл әлемдің дамуына мүмкіндік беретін құжаттар қатарына жатады. Сондықтан халықаралық ұйымдардың одан үйренері көп деп ойлаймын. Желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының басшысы Пан Ги Мун Бас Ассамблеяда «2030 - Лайықты өмірге бастар жол» атты баяндамасын оқыған. Ондағы негізгі мақсаттар мен тапсырмалар «Нұрлы Жолмен» дәлме-дәл үйлесіп тұр», - дейді БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Ян Элиассон.

Ал ұйым басшысының көмекшісі әрі даму бағдарламасының өңірлік директоры Джейхан Султаноглу Жолдаудың дер кезінде жарияланғанын ризалықпен атап өткен. Даму бағдарламасының жетекшілері Өңірлік хаб жұмысына қатысуға дайын екендіктерін білдіріп, есеп беру мен мониторинг тетіктерін құруға қолдау көрсетумен қатар, техникалық көмек көрсетуге әзір отыр. Енді үстіміздегі жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының әртүрлі жиындарында «Нұрлы жол» бағдарламасының басым бағыттары жеке-жеке қаралмақ. Сөйтіп, құнды құжатқа құрметпен қараған әлемдік құрылым «Жақсыдан үйрен» деген қазақи қағиданы ұстанып отыр, деп хабарлайды 24.kz.