БҰҰ қазақстандық бітімгерлер қызметінің деңгейін жоғары бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — Голан жотасындағы «БҰҰ-ның ажыратуды бақылау күштері» миссиясы командирінің резервтік бітімгерлік ротасының үшінші құрамымен миссия штабының бастығы полковник Ануп Бикрам Рана кездесті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Сапар барысында миссия өкілі инфрақұрылым нысандарын, инженерлік техниканы, операциялық құралдарды қарап шығып, жауапкершілік аймағындағы БҰҰ бақылау бекеттерінің жұмысымен танысты.

Қазақстандық әскери қызметшілермен өткен кездесуде полковник Ануп Бикрам Рана қызметті ұйымдастыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қойылған міндеттерді одан әрі орындау мәселелерін талқылады. Тараптар миссия мандатын орындауға байланысты басым бағыттарға ерекше назар аударды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Еске сала кетейік, қазақстандық бітімгерлік контингент халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Олар жауапкершілік аймағындағы ахуалды тәулік бойы бақылап, аумақты патрульдейді және қақтығыс тараптары арасындағы атысты тоқтатуды қамтамасыз етуге қатысады. 

— Бітімгерлер жергілікті аумақты жедел минасыздандыру, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жою міндеттерін орындайды. Сонымен қатар олар миссия нысандары мен бекеттеріне қызмет көрсетіп, БҰҰ қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, гуманитарлық жүктерді алып жүреді және жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетеді, — делінген хабарламада.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бітімгерлердің өз міндеттерін кәсіби, адал әрі мінсіз орындауы Қарулы күштердің және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтады.

Бұдан бұрын Голан жотасында қазақстандық бітімгерлердің жоспарлы ротациясы өткенін жаздық.