Инспекция қорытындысы бойынша қазақстандық контингенттің қызметіне жоғары баға берілді. Әскери қызметшілер кәсіби даярлық деңгейін және түрлі шұғыл жағдайларда қойылған міндеттерді тиімді орындауға дайын екенін көрсетті.
Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингентін подполковник Ілияс Алматов басқарады. Миссия мандаты аясында қазақстандық бітімгерлер патрульдеу, бақылау-өткізу бекеттерін күзету, жарылғыш заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ қызметкерлерін алып жүру және эвакуациялау міндеттерін атқарып келеді.
— Маусым-қыркүйек айлары аралығында ұлттық контингент 470 жедел іс-шара өткізді. Оның ішінде патрульдеу жұмыстарымен қатар, 49 уақытша түнгі бақылау бекеті ұйымдастырылып, жедел әрекет ету күштерінің 11 оқу-жаттығуы өткізілді. Сонымен қатар жергілікті қауымдастық өкілдерімен 11 кездесу ұйымдастырылды. Инженерлік-саперлік топ 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1 800 оқ-дәріні анықтап, жойды, — делінген хабарламада.
Ведомство атап өткендей, қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ мандатына сәйкес міндеттерін орындауды жалғастырып жатыр. Олар жауапкершілік аймағында жағдай тұрақтылығын бақылауға және кез келген жағдайда жедел әрекет етуге әзір.
Бұған дейін 15 шілдеде қазақстандық бітімгерлер Ливандағы БҰҰ миссиясында қызмет атқаруға аттанғанын жазғанбыз.