БҰҰ ҚК-ге төрағалық, Каспийдің құқықтық мәртебесі, Олимпиада - 2018 жылдың басты оқиғалары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ит жылынан күтеріміз көп. Қазақ халқы Мешін мен Тауық жылынан кейін келетін Ит жылын жақсылыққа балап жатады. Сондықтан өтер жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Осы ретте алдағы жылдары орын алатын еліміз үшін маңызды оқиғаларға шолу жасап көруге тырыстық.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық

Сонымен 2017-2018 жылдары аралығында Бірікккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше болған Қазақстан 2018 жылдың 1-31 қаңтары аралығында тарихта алғаш рет аталған кеңестің төрағасы міндетін атқаратын болады. Осыған орай қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары жоспарланған. Сапар аясында Қазақстан Президентінің төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтпек. Келесі күні «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлік пікірталасы ұйымдастырылмақ. Бұл шараға Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады деп күтілуде.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның басымдықтары Президент Н. Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арналған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін  жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауында көрсетілген. Олар жетеу: I) ядролық қарусыз әлемді жақындату; II) жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; III) өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; IV) терроризмге қарсы күрес; V) Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері; VI) қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланыстарды қамтамасыз ету; VII) Қауіпсіздік Кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатерлеріне бейімдеу.

Айта кетерлігі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету жоғары халықаралық мәртебе болып табылады. Себебі Қауіпсіздік Кеңесі мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдай алады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басты жауапкершілікті өзіне жүктейді және БҰҰ-ның барлық мүшелері оның шешімдеріне бағынуға міндетті.  

Каспийдің құқықтық мәртебесі анықталады

Заманында КСРО мен Иран мемлекетінің арасында ғана жатқан қарт Каспийге кеңес одағы күйрегеннен кейін Иран және Ресеймен қатар әлем картасынан орын алған Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан елдері де иелік еткен еді. Содан бері аталған 5 мемлекетің арасындағы теңіздің түбіндегі мол табиғи ресурстармен қатар геосаяси шекара бөлу мәселесіндегі күрмеуі көп мәселелер шешілген емес. 

Жалпы, бүгінге дейін Каспий жағалауы мемлекеттері Президенттерінің саммиті 2002 жылғы 23-24 сәуірде, 2007 жылғы 16 қазанда, 2010 жылғы 18 қарашада және 2014 жылғы 29 қыркүйекте өткені белгілі. Мемлекет басшыларының екінші кездесуі қорытындысы бойынша Әзербайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрікменстанның декларациясы қабылданды. Үшінші Каспий саммитінің бес мемлекет Президенттерінің бірлескен мәлімдемесіне, сондай-ақ, Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Төртінші Каспий саммиті барысында Президенттер теңіздегі жағалау мемлекеттердің қызметі жүргізілетін қағидаттардың кең тізімін бекіткен бірлескен Мәлімдемені рәсімдеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшылары каспийлік келіссөздер үдерісіндегі ілгерілеуін атап өткен және одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын көрсеткен Саммиттің коммюникесін қабылдады. Мұнан бөлек Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы, Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы және Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім қабылданған еді.

Енді бесінші саммит Қазақстанда өтпек. Мұны таяуда ҚР Парламентінің Сенатының жалпы отырысында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтқан болатын.

«Осы айдың басында Мәскеуде 5 Каспий маңы елдерінің Сыртқы істер министрлері кездесіп, Каспий теңізінің заңдық құқығы бойынша келісімге қол жеткізілді. Біздің уағдаластығымызға сәйкес келесі жылы Қазақстанда Каспий елдерінің жоғары деңгейдегі Мемлекет басшыларының саммиті өтеді. Сол кезде Каспийге қатысты конвенцияға қол қойылатын болады. Сол конвенцияда Каспийге қатысты барлық мәселелер бектіледі», - деген еді министр.

Айта кетерлігі, Конвенция бойынша жұмыс 20 жылдан астам жүргізілді. Құжаттың жобасында Каспий теңізіндегі тараптар қызметінің негізін қалайтын қағидаттар, теңіз айдыны мен ұлттық секторларды айыру, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстарды, теңіз түбі мен жер қойнауын, жүзуді, қоршаған ортаны қорғау, шаруашылық-экономикалық ынтымақтастықты іске асыру мәселелері белгіленеді. Қазақстанда өтетін саммиттің барысында қол қою үшін 2010 жылғы Каспий теңізінде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісіміне хаттамалар жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні сұғанақтыққа қарсы күрес, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, терроризм, ұйымдасқан қылмыстық пен есірткі заттар айналымына қарсы күрес бойынша хаттамалардың жобалары әзірленген. Каспий аймағының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тараптар теңізді қорғау туралы нобайлы конвенцияға хаттама, сонымен қатар Трансшекаралық мәнмәтіндегі қоршаған ортаға тиетін әсерді бағалау бойынша хаттама жобаларын әзірлеуде. Каспий жағалауы барлық мемлекеттердің күш-жігерлері Каспий аймағында бейбітшілік, қауіпсіздік, тұрақтылықты және тұрақты экономикалық, экологиялық, мәдени-гуманитарлық даму және ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығар сәт

Қазақстан Тәуелсіздік алып, егемен ел болғаннан бері ұлттық құрама ретінде бірнеше мәрте қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, бір алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алған болатын. 2018 жылдың 9-25 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін байрақты бәсекеден де жүлделі орындардан үмітіміз басым. Әлемнің 80 елінен 5000-нан астам спортшысы мен ресми өкіл қатысатын ақ Олимпиадада спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Ал Қазақстан спортшылары биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы жарысы, шорт-трек, конькимен сырғанау, шана спорты, шаңғы тебу, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл (акробатика, могул) сынды спорттың 9 түрінен ел намысын қорғайтын болады. Бүгінге дейін  ел қоржынында 23 олимпиадалық лицензиясы бар. Жолдамалардың 10-ы биатлонның, 10-ы шорт-тректің, ал 3-еуі мәнерлеп сырғанау спортының еншісінде. Ал қалған құрама командалар қазіргі уақытта шетелде жарыстарға қатысып, жолдамаларды ұтып алу жолында жүр. Жалпы еліміз Олимпиаданың 50 жолдамасынан үмітті. Мұны таяуда Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков айтқан еді. «Біз спортшыларымызға қатты сенеміз. 50-ге жуық жолдама алуды жоспарлап отырмыз»,- деді Сәкен Мұсайбеков.

Айтпақшы, бұған дейін жазғы Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған біраз спортшымыздың допинг күдігіне ілігіп, бастары дауға қалған болатын. Ал бұл жолы 4 жылда бір рет өтетін қысқы ойындарға баратын спортшыларымыз үшін еш алаңдаудың реті жоқ сияқты. «1992 жылы Қазақстан бірауыздан, ескертпесіз Халықаралық Олимпиада комитетінің хартиясына қабылданды. Аталған хартияға сәйкес Олимпиада комитетінің барлық ережелерін орындап келеміз. Сонымен қатар 2009 жылы Антидопингтік конвенция қабылданып, еліміздің Парламенті ратификациялады. Конвенцияға сәйкес біз допингпен күресуге тиіспіз. Жалпы, Қазақстан допингке қарсы мемлекет. Біздің басты мақсатымыз - таза спорт. Біз тек қана таза спортты қолдаймыз. Біз тек қана таза спорт туралы ойлаймыз», - деген еді Мұсайбеков.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Қазақстан спортшылары бірнеше мәрте допинг сынамасын тапсырып, ол Германияның Дрезден қаласындағы зертханада бірнеше рет тексеруден өткен.

«Осы сынамалардың нәтижесі жақсы, спортшыларымыз таза. Соған қарамастан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті мен Мәдениет және спорт министрінің тапсырмасына сәйкес жолдама алған спортшыларымыз Олимпиадаға дейін тағы да допинг сынамаларын тапсырады. Біздің спортшыларымызға Олимпиадаға жол ашық. Ешқандай кедергі жоқ. Олимпиадаға тек қана таза спортшылар барады», - деді вице-министр.

Елордаға 20 жыл

2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төлтумасы саналатын елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілмек. Осынау қысқа ғана уақыттың ішінде елордамыз Қазақстанның негізгі өндірістік орталықтарының бірі ретінде қалыптасып, дотациялық қаладан республикалық бюджеттің донор-аймағына айналды. Қалада өнімі қазірдің өзінде төрт жарым миллион теңгеден асады. Шаһарда білім және медициналық кластерлер, локомотив жинау және вагон құрылысы кешендері, сондай-ақ, Орталық Азия мен Сібірдегі ірі жаңа көлік-логистикалық орталығы құрылды. Ел Президентінің Астананың дамуы туралы ұдайы назары мен қамқорлығы оны Еуразиядағы серпінді дамып келе жатқан, қазіргі заманғы және бәсекеге қабілетті қалаға айналуын қамтамасыз етті. 20 жыл ішінде Астана қаласы халқының саны 3,5 еседен астамға өсіп, 1 миллионнан астам адамды құрады. Осы кезең ішінде елорданың аумағы 258-ден 800 шаршы шақырымға дейін кеңейді.

Ал бас шаһарымыздың 20 жылдық мерейтойына орай 2018 жылы Астананың жаһандық әлемдегі рөлін, Қазақстан елордасында түрлі тақырыпта өткен ірі халықаралық форумдардың, саммиттердің, съездердің, келіссөздер процестерінің, көрмелердің әлемдік даму үшін нәтижелері мен маңызын ашатын республикалық және халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде мәдениет пен өнер саласындағы қазақстандық және әлемдік жұлдыздардың қатысуымен концерттер, фестивальдар, көрмелер, кездесулер өткізіледі. Спорт жарыстары және түрлі жастағы санаттар үшін сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылады. Өңірлердің күшімен және ресурстарымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған елорда нысандарының құрылысына тікелей қатысқан азаматтарға құрмет көрсетіледі. Жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени нысандар пайдалануға беріледі. Көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал жіктері өкілдеріне, ел дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға тұрғын үй кілті табысталады. Аз қамтылған отбасылардағы балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, мектеп олимпиадаларының, сайыстар мен жарыстардың жеңімпаздары үшін елордаға экскурсиялар ұйымдастырылады.

Дін көшбасшылары съезі

Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдерінің қатысуымен өткен болатын. Енді, міне 2018 жылы бұл съезд елімізде алтыншы рет өткізілмек. Есте болса, осы жылдың мамыр айында елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XVI отырысы болды. Аталған жиын барысында оған қатысушылар съездің алтыншы бас қосуын 2018 жылдың 10-11 қазанына белгілеген еді.

Айта кетерлігі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау саласында бай тәжірибеге ие және осы тараптағы кең ауқымды әрі тиімді ынтымақтастыққа қашанда әзір.

Әлемнің діни көшбасшыларын Астанаға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер диалогының жаһандық үдерісінің дамуында орасан маңызды орын алады.