БҰҰ ҚК мүшелігіне сайлау Қазақстанның әлем алдындағы беделінің артқанын білдіреді - Н. Нығматулин

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлану - Қазақстанның әлем алдындағы беделінің артқанын білдіреді. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясын қорытындылаған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.

«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы - әлемдік қауымдастық алдындағы біздің еліміздің беделі мен рөлінің артып отырғанын білдіреді. Бұл шын мәнінде тарихи ауқымдағы маңызды оқиға. Президент Н. Назарбаевтың басшылығындағы Қазақстан өзінің 25 жылында осынау әлемдік ықпалды ұйымның қатарына енді ғана қосылған жас мемлекеттен, сол ұйымның жоғары басшылық органының жұмысына араласа алатын мемелкетке дейінгі жолдарды жүріп өтті. Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлау туралы шешім Мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі көшбасшы екенін мойындауды және Н.Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбітшілікті қорғау, өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы диалогты қамтамасыз ету, әлем елдері мен халықтары арасындағы сенімді нығайту бағытында жүргізіп келе жатқан ауқымды жұмысының нәтижелерін білдіреді», - деді Н. Нығматулин.  

Сонымен қатар, спикер сөз арасында Парламенттің халықарлық қызметіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, депутаттық корпустың халықаралық қызметі бірінші сессияда парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға, парламенттік дипломатия және Қазақстанның ғаламдық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудегі халықаралық бастамасының қозғалысын дамытуға бағытталды. Бұл бағыттағы қызмет алдағы сессияларда да белсенді түрде жалғасады.