БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан­ның ядро­лық қарусыздану жолындағы тың бастамалары себепкер бол­ды - сарапшылар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде Қазақ­стан осы беделді халықаралық ұйым­ның Қауіпсіздік Ке­ңесіне екі жылға тұрақты емес мү­шелікке сайланды. Өңірдегі сарапшылар Қауіпсіз­дік Кеңесіне мүшесі мәртебесін алу және халықаралық ұйымның мүшесі ретінде Қазақстанның атқаратын жұмыстары жайлы пікірлерін білдірді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті жазды.

Бейбіт саясатымыз  танылған шақ

Мұхиттың арғы бетінен қуа­нышты хабар естіп отырмыз. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде  Қазақ­тан осы беделді ха­лықаралық ұйым­ның Қауіпсіздік Ке­ңесіне екі жылға мү­шелікке сайланды. Мұны тәуелсіздігін алғанына 25 жыл ға­на болған жас ел үшін биік мәртебе деп білеміз. Дауыс беруші мем­лекеттердің басым көпшілігі Қазақстан үшін қол көтерген. Бұл Қазақстанның бейбітшілікті пір тұтатын сыртқы саясатын бүкіл әлемнің мойындағанының тағы бір дәлелі екені анық.

Қауіпсіздік Кеңеске Қазақ­станның Орталық Азиядан мүше болып сайланған бірінші ел екені, елдің де, Елбасының да тұл­ғасының әлем жұрты алдында жоталана түскені көңілге мақ­таныш ұялатады. Ақпарат тасқындаған бүгінгідей күрделі уақытта дүниежүзіндегі алпауыт елдердің Қазақ­станды бұлай мойын­дауы олар бізде бейбітшілік үшін жасал­ған ұлан-ғайыр жұмыстардан хабар­­дар деген сөз. Осы орайда Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың қару­сыздану, ядролық қаруды таратпау бағытында талмай жүр­гі­зіп келе жатқан жігерлі жұмыс­тарын әлемнің тыныштықты жақтаған жұрты тарапынан да мойын­дала бастады десек, артық айт­қаны­мыз емес. Алдымен, тәуел­сіз­дігін енді алып, саяси сахнаға көтерілген ел ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей полиго­нын жапты. Мұндай қадамға бар­ған елді әлемнен табу қиын. Со­ны­мен қатар, Елбасы мемлекеттер басшыларының, ірі қоғам қай­рат­керлерінің, ғалымдардың халықаралық бас қосуында әлемді ядролық қарудан тазарту жөнінде айтып келеді. Арысын айтпағанда, осы көктемде Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қарусыздану жөніндегі ІV саммитте Американың саяси және қоғам қайраткерлері, әскери ұйымдар басшылары алдында сөз сөйлеп, өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» ат­ты манифесін мәлім етті. Ядролық қарудың зардабын әлем жұрты түсінетіндей уақыт жетті. Өткен ғасыр­дың 40-жылдарының ішін­де Жапонияға тас­талған атом бомбасынан, өзіміздегі Се­мей полигонындағы жерас­ты ядролық сы­нақ­­­тары­нан болған қасіреттің ізі әлі білінеді. Қазір әлемнің          бір­сы­пыра елдеріндегі террорлық жары­л­ыстардан қаншама бейбіт тұр­ғындар зардап шегіп отыр. Тер­роршылар адамдарды баудай түсіріп, қырып-жоюда. Ешқандай кінәсіз адамдар өмірге осындай содырлықтың құрбаны болуы үшін келмейді. Әр адам Жаратқанның игілігімен өмір сүріп, ұрпақ өсі­ріп, өркениет жасауды мақсат тұта­ды. Тек бейбіт уақытта ғана адам алаң­сыз өмір сүреді. Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының Қауіпсіз­дік Кеңесіне мүше ретінде алдағы уақытта Қазақстан бейбітшілікке халықаралық деңгейде атсалы­сатын болады. Ядролық қару­сыздану жөніндегі ІV саммитте сөйлеген сөзінде ядролық қару­дың қазір әлемді алаңдатып отыр­ғандығын, сондықтан оның содыр­лар қолына түсіп қалмауын ес­керткен болатын.

Ядролық қарудан, атом жарылысынан келген зардапты әлем тарихы біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдар үшін мүшелікке қабылдануы - Елбасының бей­бітшілік үшін жүргізіп келе жатқан жұмысының қайтарымы десе де болады.

Тілеген АХМЕТОВ, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор

 

Бедел беки түсті

Қазақстан тәуел­сіз­дік алған жылдарында бей­біт­ші­лік пен ты­ныштықтың тұғырын бекіт­кен ел ретінде әлем­ге танылып келеді. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен­діктің елең-алаңында ұстанған сарабдал сая­сатының жемісі еке­ні сөзсіз. Бейбіт өмір сү­рудің қазақстандық жолын ай­қындаған Мемлекет басшысы мемлекетаралық мәмі­легерліктің ұлағатты ұста­ны­мын қалып­тас­тырып, әлемдік аренада игілікті істерге ұйытқы бола білді. Өміршең бастамалардың бастауында болып, дүниежүзілік қауіпсіздіктің қабырғалы    мәселе­лерінде өзіндік тың идеялары­мен көрінді. Қашан­да бейбіт өмір мен тыныш қоғам­дық дамудың бастамашысы болып келе    жат­қан Қазақстан­ның Азия тобы мем­ле­кеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жыл­­дарға уақытша мүшесі болып сайланғаны туралы хабар­ды қуа­на қарсы алдық. Бұл туралы үс­ті­міздегі жылғы 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясын­да өткен дауыс беру­дің қо­­­ры­­тындысын­да мә­­лім болды. Қара­ңыз, тәуел­сіздігін алғаны­на небәрі 25 жыл толғалы отыр­ған Қазақстанның кан­дидатурасын дауыс бер­уге қатысқандардың ара­сынан 138 мемле­кет­­тің қолдауы біздің елі­міздің әлем алдындағы биік беделі мен бедерін көрсетеді. БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 15 мемлекеттен құралатынын, ал оның бесеуінің - Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Фран­цияның тұрақты мүшелік мәртебесі бар екенін, оның екі жылдық мерзімге бес өңірлік топтардың атынан сайланатынын ескерсек, Қазақстанның әлемдік қо­ғам­дастықтағы бе­де­лі­нің жоғары екенін ай­қын аң­ға­­ру­­ға әбден болады. Қазақ­стан 2017 жыл­­­дың басынан Азия мемлекеттері ара­­сынан Малайзияны алмастырады. Қазақ­­­стан Республикасының Сырт­қы іс­тер ми­нистрі Ерлан Ыды­рысовтың «Бұл Қа­зақ­­­стан­ның және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық дең­гей­дегі биік беделінің, оның жаһандық және өңірлік мәсе­ле­лерді реттеуге, ядро­лық қару­сыз­дану және таратпау мәселе­ле­рін ілге­рі­летуге қосқан бірегей үлесі­нің жар­қын көрінісі», деп бағалауы да сондықтан.

Қазір әлем тынышсыз бола бастады. Жер-жерде лаңкестік оқиғалар орын алуда, әлемдік соғыс өртінің тұтанып кету қаупі байқалады. Бұл әркімді, соның ішінде бүкіл бір елдің тізгі­нін ұстаған, халықтың жауап­кер­шілігін мойнына алған ­мемлекет басшыларының қаперінде болуы керектігін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұдайы еске салып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ядролық қарудан бас тарту, оны бейбіт мақсатқа пайдалану туралы ойлары өміршең идея, адам­зат үшін қауіпсіздіктің кепілі екені сөзсіз.

Күллі әлем жұртшылығы бұ­рын-соң­ды құлақ естіп, көз көр­меген сұмдық оқиғалардың куәсі болуда. Еуропаға толассыз ағыл­ған босқындар легі, Сирия­дағы жүздеген мың адамдар құр­бан­дығына соқ­тырған сұрапыл соғыс, Түркияда, Бельгияда, Пәкістан және басқа мем­лекет­терде болып жатқан лаң­кес­тік әре­кет­тер ой­ландырары сөзсіз. Осындай күр­делі кезең­де Қазақстан, оның тізгінін   тәуел­сіздік алғаннан бері мығым ұстап келе жатқан Елбасы Н.Назар­баев бейбіт қатар өмір сүру­­дің жолдарын ұсынып, әлем­ді ұда­йы бейбітшілікке шақырып келеді.

Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңе­сіне сайлануы біз­дің мемлекетіміздің бейбітшілік сүйгіш сыртқы және ішкі сая­сатының халықаралық қоғам­­дастықта жоғары бағала­наты­нының нақты дәлелі болды деу орынды. БҰҰ Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілет­тенген ең маңызды саяси орган­ның құрамына Орталық Азия мемлекеттері арасында тарихта бірінші болып Қазақстанның сайлануы біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл барша қазақстандықтар үшін маңызды тарихи оқиға, есте қалар сәт дегім келеді.

Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Бейбітшілік  және келісім кеңесі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы

 

Үлгі

Қазақстанның алыстағы алып шаһар - Нью-Йорк төрінде, БҰҰ шеңберінде топ жаруы - туған еліміздің төл тарихында қалатын сәт. БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен жиын соңында Қазақстан­ның аталмыш ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға уақытша мүше болып сайланғанын жариялады. Орталық Азия мем­лекеттері арасынан ең бірінші болып биік орыннан көріну - еліміз үшін өз алдына бөлек бедел. Ал, ол мәртебе жайдан-жай келе салған жоқ. Әлем мемлекеттерінің бізді қолдап дауыс беру нәтижесінде жеңіске жетіп, бәсекелестерден басым түстік. Дауыс беру құқығына ие 140-қа жуық мемлекеттің Қазақстанды лайық көрген­дігі, шындығында қуанарлық жайт. Ал еліміздің бәсекелесі Таиланд Корольдігінің енші­сіне бар болғаны 50 дауыс тиген екен.

Бұл жеңіске Қазақстан­дағы бейбіт өмір, сан ұлттардың өз­ара бірлікте тағдыр кешуі, ядро­лық қарусыздану жолындағы тың бастамалары мен жер-жаһанда бейбіт­шілік мәселесін басты орынға қоюға үлес қосуға талпынысы себепкер бол­ды дей аламын. Мен Қазақстанда өмір сүруші және осы елдің азаматы ретінде еліміздегі мамыражай тұр­мысты жоғары бағалаймын, әрі оны ешқашан көлеңке шалмауына мүд­делімін. Сол себепті біздің еліміздегі бейбітшілік бағытындағы ұстаным мен үлгі өзгелерге сабақ болар жөні бар деп ойлаймын.

Ақмарал ЗЕЙІЛОВА, Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры Маңғыстау облысы

 

Ұлттық рухтың күші

Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүше болып сайланғанын ел газеті «Егеменен» оқып қатты қуандық.

Шыны керек, біз спорт­шылар әлемдік деңгейде ел ме­рейін көтеру, көк байрақ­ты желбірету секілді құнды­лық­тарды жақсы түсінеміз. Спорттың қандай да бір түрі­нен облыстық жарыста топ жар­ған жан республикалық бәсе­кеде жұлдызы жанып құрлық­аралық, тіпті әлемдік жарыс­­та чемпион болуды арман­­­дай­ды. Сол арманының уақы­­тын бел­гілеп алдына мақ­сат етіп қояды. Нәтижесінде ұлт­­тық рухтан бойына алапат күш алып, маң­дайы жарқырап тұрады.

Еліміздің саяси аренада биік­ке көтерілгенін қазақы жалпақ тілмен осылай да түсінуге бола­тын шығар. Құдайға шүкір, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында еліміздің мерейі артты. Қауіп­сіздік Кеңесіне уақытша мүше­лікке үміткер болған Қазақстан үшін 28 маусым күні 138 мемле­кеттің жақ­тап дауыс бергенін қалай мақ­танып айтсақ та арт­ық болмайды. Себебі, БҰҰ Жар­ғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең ма­ңызды саяси органның құра­мына ену оңай емес. Біле білсек, біздің еліміз Орта­лық Азия тарихында бірінші бо­лып осындай үлкен сенімге ие болып отыр. Дәл осы сәт­те менің ойыма Елбасының Қазақстанды Азия барысына теңегені түседі. Сон­дықтан біз жетісулықтар мұны да жақ­сылықтың белгісі деп са­най­мыз. Өйткені, Мем­лекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың әлемдік саясат­тағы беде­лі­нің биік те мығым екенін мы­на қуаныш растап отыр. Тәуел­­сіздігіміздің 25         жыл­ды­ғын­да ел қуанышына қуаныш қос­ылып, ең бастысы айрандай ұйып отырған еліміздің қауіп­сіздігі берік сақталған үстіне сақтала түскеніне тағы бір мәрте көзіміз жете түсті.

Тұратбек ШАРАПИЕВ, Алматы облыстық дене шынықтыру  және спорт басқармасының басшысы

 

Іргелі жұрт екенімізді тағы бір дәлелдедік

Жандар КӘРІБАЕВ, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы

 Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын, Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болғанын естіп, қуаныштан мерейіміз тасып, мәртебеміз артып отыр. Мұны сындарлы саясатта даңғыл жол сала білген Елбасымыздың ерен еңбегімен келген барша еліміздің жеңісі, жетістігі деп ұққанымыз абзал. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған отандық дипломатияның жемісті жұмысының нәтижесінде осындай биікті бағындырып отырмыз. Бұл тарихи оқиға бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екенімізді тағы бір дәлелдеп берді. Бұл жетістікке жету жолында қазақстандық дипломаттар корпусы, қоғам қайраткерлері аянбай еңбек етіп, өлшеусіз үлестерін қоса білді. Сондықтан да, ел болып айтулы оқиғаның бағасын біліп, мерейлі жауапкершілігін сезінгеніміз ләзім.

Иә, сан зұлматтан аман шыққан ұлтымыз бүгінгі күні арайлап атқан азат таңын көріп отыр. Ел болып, керегемізді кеңге жайып, көрші мемлекеттермен тереземізді теңестірдік. Айналасы ширек ға­сырдың ішінде мемлекетіміздің жаңа астанасын әлемге паш еттік.    ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайландық, Сарыарқа төсінде саммит өткізіп, әлемдегі беделіміздің қандай екенін анықтадық.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көре­ген саясатының арқасында Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретінде маңыз­ды рөл атқара отырып, Орталық Азия­дағы даму мен тұрақтылыққа өз үлесін қосты. Халықаралық қоғамдастық ядролық қаруды таратпау және тұрақты даму ісіне қосқан еліміздің үлесін мойындады.

Бүгінде әлемде дамудың баламалы идеяларына деген зор сұраныс бар. Осы тұрғыдан алғанда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік мәні бар бастамалардың қуатты генераторына айналып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, беделін өсіріп келеді.

«Қазақстанның бүгінгі жоғары халық­аралық беделі - бұл ішкі жетістіктеріміздің, дәйекті бейбітсүйгіш саясатымыздың, сондай-ақ ядролық қарудан бас тарту, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөнін­­дегі кеңес, Әлемдік діндер лидерлерінің съездерін өткізу, Тәжікстандағы, Ауғанстандағы, Ирак­­тағы антитеррорлық күреске және бітім­­гер­шілік миссияларға қатысу секілді ірі халық­аралық бастамалардың тікелей нәти­жесі» деп Елбасымыз айтқандай, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланғанымыз еркіндіксүйгіш егемен еліміздің тарихындағы көңіл марқаяр толайым табыстарымыздың жарқын көрінісі екендігі даусыз.


Бәріміз үшін тарихи жеңіс

Кейінгі жылдары жер шары аса мазасызда­нып кетті. Террористік акті­лер күтпеген жерлер­ден бұрқ ете қалады. Жа­қын­да ғана Ыстанбұл әуе­жайында болған жарылыс лаң­кестерде адамдық қасиет, Отан деген ұғым жоқтығын көрсетті.

Планетамыздың ізгі ойлы адамдарына мыңдаған халықты қайғының көз жасына суаратын қанқұйлы соғыс емес, бейбіт өмір керек.

Біздің Қазақстанымыз осы мақсатқа қызмет етіп келеді. Өз басым БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу жолында 138 мемлекеттің Қазақстан пайдасына дауыс беруін бейбітшілікті сақтауға берілген дауыс деп қабылдаймын.

Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіп­сіздік Кеңе­сінің құрамына тұрақ­ты емес мүше болуы - тарихи жеңіс. Еліміздің, Елбасының жеңісі. Біздің еліміз - Орталық Азиядағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына сай­ланған тұңғыш мемлекет. Бұл жеңіске жету жолында Қазақ елі көп еңбектенді. Жағымды жаңалық­ты өңірдегі түрлі ұлттар мен ұлыс өкіл­дері де қуана қабылдады.

Қазақстан - ядролық қарудан саналы түрде бас тартқан бірден-бір мемлекет. Қырып-жоюға бағыт­талған қаржы соғыс өртін тұтатуға емес, бейбіт мақсатқа жұмсалуы керек. Біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясат аренасында осындай ізгі ниет, биік парасатымен айдынданып тұр. Бұл - еліміздің де, Елбасымыздың да жеңісі.

Ол бейбітшілік жолында қыруар жұмыстар жасап жатыр.

Хасан БАЦИЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

Қуанышпен қабылдадық

Қазақстандықтар елі­­міздің БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі болып сайлануын үлкен қуаныш­пен қабылдады. Бұл - баршамыздың жүре­гі­мізді жылытқан жа­ғымды жаңалық бол­ды. БҰҰ Бас Ассамб­лея­сын­да Қазақ елі 138 дауыс жинап, Тайланд­тың алдына шықты.

Жалпы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болып сайлану - тарихи оқиға. Аталған Қауіпсіздік Кеңесі әлемдік бей­біт­шілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін, халықаралық қақ­ты­­ғыс­тарға соқтыруы ықтимал кез келген дау-шарды зерттеуге өкі­летті ұйым. Қауіпсіздік пен бей­біт­­шілікті қолдау бойынша Қауіп­­сіздік Кеңесінің қызметі құқық бұзушы мемлекеттерге қарсы санкцияларды    анықтау­мен де айналысады. Сондықтан Қазақ­стан­ның кеңеске тұрақты емес мүше болып енуі тарихи жетістік.

Бұл - ертедегі Төле би, Қазыбек би, хакім Абайлардың түйінді сөздері мен толғақты ойларынан бастап, Алаш қайраткерлерінің саяси қызметтерімен жалғасқан, тамырын тереңнен алатын еліміз­дің дипломатиялық қызметіне берілген биік баға. 2017-2018 жыл­­дарға Қазақ­стан­ның Қауіпсіздік Ке­ңесіне тұрақты емес мүше­лікке сайлануын елі­міздің Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемге бейбітшілікті наси­хаттаған ауқымды жұмысының нәтижесі деп білемін. Яғни, тәуелсіз мемлекет ретін­де қа­лып­тасқан 25 жыл ішін­дегі саяси шешімдердің әлем­дік қауымдастық ал­дын­дағы бір қор­ытын­дысы. Сондай-ақ, Елба­сы­ның адамзат қасіре­ті­нің оша­ғы­на айналған Семей по­ли­­го­нын жабу және Қазақ­стан­­ның ядролық қарудан өз еркі­мен бас тарту жөніндегі тарихи шешімінің нәтижесі деуге де болады. Мемлекет басшысы еліміздің аталған миссия аясында былтыр БҰҰ сессиясында жа­рия­лаған «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесін ілгерілетуге ілкімді жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Бұл да шын мәнінде ұлт болып толысқандығымыздың белгісі.

Қазақстанның қарапайым азаматы ретінде тарих үшін осындай қысқа, қас-қағым уақытта еліміздің әлемнің дамыған алып мемлекеттерімен бір сатыда тұруға қол жеткізгеніне мақтанамын.

Мұрат ХАМЗИН, ардагер кенші, семейлік зейнеткер

 

Әлемдік қоғамдастықтың селкеусіз сенімі

Қазақстанның әлемдік қоғамдастық арасындағы әр қадамы үлкен істерден үміттендіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға сапары кезінде жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялағаны да күні кеше сияқты еді. Сол манифестегі бейбітшілік пен қарусыздануға бағытталған баянды бастамаларының жалға­сындай Қазақстан Республикасының Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы егемен еліміздің еңсесін  көтеріп тастады.

Бұл барша қазақ­стандықтар үшін қуа­нышты да тарихи оқи­ға болды. БҰҰ-дағы дауыс беруге қатыс­қан­­­дар­дың арасынан 138 мем­лекеттің Қазақ­­с­тан­ның кандидату­ра­сын қолдауы елі­міз­дің әлем­дік саяси арена­да­ғы салмағын арт­ты­ра түседі. Мұның өзі бей­біт­­қатар өмір сүру саясатын ұстана отырып, тыныш­тық­тың тұғырын бекітетін баянды бастамалар жасап келе жатқан Ел­ба­сының салиқалы  сая­сатының арқасы.

Еліміз егемендік алғаннан бергі уақытта алдына үлкен мақ­саттар қойып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың әлемдегі отыз дамы­­­­­ған мемлекеттің қатарынан көрі­нуге талпынуы құр айтыла сал­ған сөз емес. Мемлекет бас­шы­сы «Бес институттық реформа» 100 нақты қадам» Ұлт Жос­па­рын­­да бұған қалай жетудің жол­дарын айқындап, нақтылап берді. Әлем­дік қаржы дағдарысы жағ­да­йында да дамуға бағыт ұстап отыр­ған елімізде оған берік негіз бар.

Дүние жүзіндегі ең салиқалы саяси органға кіруі, 15 мемлекет­тен құралған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне еркін енуі Қазақстанның әлем­­дік саясаттағы орны айрықша екенін көрсетсе керек. Жанымыз­ға жағымды жақсылық хабармен іле-шала Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жыл­дар­дағы тұрақты емес мүшелігі­не сай­ла­нуына байланыс­ты Қа­зақстан Респуб­ли­ка­­сының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Үн­­­деуі жарияланды. Мем­­лекет басшысының Үн­деуде «БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесіне сайлану - бүкіл Қазақстан хал­қының еңбек сіңі­рген табысы. Бұл - ұлт то­лыс­қандығының көр­сет­кіші. Біз бейбітшілік пен ын­ты­­мақ­тастықтың ортақ құн­ды­лық­­тарын ілгерілетуге қабі­летті жауап­кершілікті мемлекет ретінде өздерінің дауыс­тарын Қазақ­стан­ның кандидату­расына берген бар­лық елге                    риза­шы­лығымызды біл­діреміз. Біз­дің республикамыз БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесіндегі өкі­лет­тілі­гін қам­тамасыз ету жөнін­дегі құр­­метті миссиясын  ла­йықты орын­дай­тынына сенім­ді­мін» деуі де сондықтан. Қазақ­станның ядро­лық қарудан бас тартқан, бейбіт                 бас­тамаларға ұда­йы ұйытқы болып келе жатқанын әлем таныды. Бұл ақиқаттан ешкім де ат­тай алмайды. Мұның бәрі Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың бей­бітшілік­ті нығайтуға бағыттал­­­ған сараб­дал саясаты мен ұлағатты ұс­та­­­ным­дарының арқасы деу орынды.

Қасымжан БАЙСАДАҚОВ, Қазақстан Журналистер одағы

Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы

 

Шаттық кернеген сәт

Әрине, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне қатысу - еліміздің  халықара­лық дәрежедегі беделі. Жалпы, бұған дейін Орталық Азиядағы ешбір ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланып көрмеген. Енді еліміздің Азия атынан мүше болуы ерекше құрмет, мақтаныш қой. Ал, бұған себеп болған алғышарттардың бірі АҚШ-тағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммитте жарияланған Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ-ның ресми құжатына айналуы дер едім. Яғни, Елбасы манифесінің ықпалы зор, аса маңызды болғаны. Бұған дейін еліміз  ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешім қабылдады. Осы тұста Елбасының да халықаралық алаңдағы тұлғасы айқын, анық көрінді. Енді міне, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында еліміз үшін мақтанатын маңызды шешім өмірге келді. Мұны ішкі және сыртқы саясаттағы үлкен табысымыз деп түсінемін. Бұл Мемлекет басшысының жаһандық және өңірлік қауіпсіздік­тің өзекті тақырыптары бойынша 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде сөйлеген сөздерінің, биыл Ядролық қарусызданудың    жаһан­дық саммитінде айтылған соңғы бас­тамаларының нәти­жесі екені сөзсіз. Бұл шешім қауіпсіздік саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптас­тыруға, жалпы, Орталық Азия өңірінің мәселелерін халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Серік КӘРІМ, журналист, Павлодар облысы Лебяжі аудандық «Аққу үн» газетінің қызметкері

 

Әлемнің ықыласы біз жақта

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануын тағдырдың Тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық тойына деген тамаша тартуы деп бағалауға әбден болады. Жаратқан пейілге қарай береді. Аяғынан қаз тұрғанынан бір­лік пен достықты, ынтымақ пен бейбіт­ші­лікті ту еткен тәуелсіз еліміз әлемдік қауымдастықтың мұндай құрметі мен сеніміне әбден лайық деп санаймыз.

Еліміз тарихындағы айтулы оқиға туралы ой білдіруді өтінгенімізде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішевтен төмендегідей жауап алдық.

- Жандос Ақылсерікұлы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сай­лануына нендей алғышарт­тар себеп болды деп ойлайсыз?

- Бұл - ең бірінші кезекте Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың әлемдік қауым­дастық ал­дын­дағы абырой-беделінің қан­шалықты зор екендігінің нақ­ты көрсеткіші. Бір ғана мысал, Елба­сымыздың әлемде ядро­лық қауіпсіздікті сақтау ісіне сіңір­ген еңбегінің өзі неге тұра­ды?! Дамыған мемлекеттер, бүкіл өрке­ниетті әлем мұның мән-маңы­зын дұрыс түсініп, лайықты бағасын беріп отыр. Меніңше, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне мүшелікке үміткер болғанда дауыс беруші елдер бұл жағдаятқа ерекше назар аударды деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, әрине, бүгінгі Қазақ­­стан - экономикасын өрісте­тіп, көрші елдермен ынтымағын жарас­­тырып, бейбітшілік сүйгіш сарабдал саясатымен бүтіндей Ор­та­лық Азиядағы тұрақтылықты қам­­тамасыз етуге игі әсерін тигізіп отыр­­ған мемлекет. Бұл фак­тор­дың да ық­палы мол болды деп санаймын.

- Жаһандық беделді ұйым­ның саяси кеңесіне мүше болу Қазақ­станға не береді деп ой­лайсыз?

- Дауыс беруге қатысқан 138 мемлекеттің Қазақстанның кандидатурасын  қолдағаны біз үшін зор абырой. Дегенмен, мұның өзі біздерге өте зор міндет пен жауапкершілік жүктейді. Бұл дегеніңіз - біздің жас Қазақстан тек Орталық Азия аумағында ғана емес, бүкіл дүниежүзі бойынша азамзат баласының тағдырына қатысты мәселелерді шешуге тіке­лей атсалысады һәм жауапты деген сөз. Яғни, біз дәл қазіргі таң­­­да­ған жолымыздан таймай, Тұң­­ғыш Президентіміздің маңына бұрын­ғыдан да ұйыса түсіп, кез келген салада сүрінбей, жаңыл­май, тек қана алға баса беруіміз керек.

Қазақстан үшін әлемдегі ең ықпалды ұйымға мүше болу - ата-баба ықылым заманнан аң­сап келген Тәуелсіздігімізді нығай­та береді, «Мәңгілік Ел» болуды мұрат еткен мақсатымызды нық­тай түседі. Әлемнің ықыласы ауған елден жанжал мен алауыздық аулақ жүреді. Керісінше, ырыс пен ынтымақ қақ­па­мызды өзі келіп қағатын болады.

Сонан кейін, әрине, Қазақ­стан­ның әлемдік қауымдастық ал­дын­дағы абырой-беделі бұрын­ғыдан бетер өсе түспек. Сайып келгенде, мұның өзі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатына, гүлденіп, дами түсуіне оң ықпалын тигізеді.

Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ

ҚАРАҒАНДЫ

  

Елдік мерейге - ерекше қолдау

 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылған болатын. Сол кезде бұл Ұйымның 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан бес мемлекет, атап айтқанда, Испания, Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия сайланды. Осы аталған елдер өздеріне дейін екі жыл бұрын сайланған Австралия, Аргентина, Люксембург, Оңтүстік Корея және Руанда мемлекеттерінің орнына келіпті. Енді, міне, Қазақстанға да кезек жетіпті. Семейдегі Түйемойнақ аралында «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері Елбасы үндеуіне орай бас қосып, бейбіт атомды насихаттау, АТОМ жобасы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына кіруі туралы пікірлерін ортаға салды.

- Биыл БҰҰ-ға мүше 193 елдің 138-і Қазақстанның кандидатурасына сенім білдіріп, дауыс берді, осыған орай жарияланған Елбасымыздың үндеуін оқып шықтым, - деді «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Семей қаласын­дағы шахмат федерациясының төр­аға­сы, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтан Картоев, -Еліміз БҰҰ-ның аса маңызды саяси органы құрамына сай­ланған Орталық Азиядағы тұңғыш ел болып отыр. Енді Ұйымның жарғысы бо­йынша әлемде бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қолдау жұмыстарын Қазақстан әрі ­қарай жалғастыра бермек. Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құқығы 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне еніп, 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін әрекет етеді. Әрине, бұл, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы еңбегінің әлемдік қоғамдастық тарапынан мо­йын­далуының жарқын көрінісі. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болуға ұмтылу туралы бастама елімізде осыдан біраз жыл бұрын, Қазақстанның БҰҰ құрамына енгеніне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген болатын. Мемлекетіміздің БҰҰ-ның түрлі  құрылымдық бөлімдерімен жыл сайын тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіне орай БҰҰ-да да еліміздің мәртебесі жоғарылап отыр. Бұл оңай келген шаруа емес, кәдімгідей күрес деу керек. Күрес деп отырғанымыз, бұл ұйымға кіруге өтініш білдірушілер өте көп.

- Бұрындары Кеңес Одағы кезін­де бәрін Мәскеу шешетін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға өзіндік сыртқы саясат ұстанымын қалыптастыру қажет болды, - дейді «Невада-Семей» қозғалысының сенім­ді дәрігер-өкілі Болат Серікбаев, - Сыртқы саясаттағы басты мақсат - ел­дің қауіпсіздігін сақтау, саяси және экономикалық қарым-қатынастарда халықаралық, түрлі өңірлік құры­лымдарға ену керек. Қазақ әрқашан сырттан келген жауға елін, жерін бермеген. Сол үшін тәуелсіз мемлекет есебінде елдің дамуы үшін сыртқы қолайлы жағдайларды қарастыру және оны тиянақтау қажет болды. Мен осы жетістікті, әрине, жоғары бағалаймын. Біздің ел Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан. Геосаяси жағдайы, экономикалық және әскери-саяси мүд­делері, сондай-ақ қол жеткен қуаты қазіргі халықаралық қатынастарда өзінің айналасындағы елдермен Қазақ­станның терезесін тең түсіріп отыр. Елбасымыздың арқасында егемендігін өзге елдерге де танытып, сыйлатып отыр. Көршілерімен тату болып, эко­но­микалық          қарым-қатынастарын жақ­сарта түсуде.

- Бүгінгі әлем күрделі де жан-жақ­ты. Бұрынғы кездегі идеологиялық қарама-қайшылық, атап айтқанда социалистік және капиталистік болып бөліну­ден шы­ға­тын. Қазірде мемлекеттер бе­де­лі неде? - деп сұрадық қозғалыс мүше­лерінен.

- Бүгінде барлық бедел экономикалық және саяси жүйеге ауысты, - деді қозға­лыс мүшесі, қоғам қайраткері, Семей қаласындағы үкіметтік емес ұйым­дар қауым­дастығының вице-пре­зи­­денті Николай Исаев, - 1991 жылы Семей полигоны жабылды, 1993 жыл­дың 13 желтоқсанында ядро­лық қару­сыз мемлекеттер қатарына қосыл­ған Қазақ­стан «Ядролық қаруды таратпау жөнін­дегі келісімге» қол қойды. Еліміз ядро­лық қарудан бас тартты. Сөйтіп, Қазақстанның тәуелсіздігін, шекара біртұтастығы мен қауіпсіздігін басты-басты ядролық державалар мойындай бастады. 1995 жылдың 26 мамырында ядролық қарудың соңғы бөлшектері республика аумағынан әкетілді. 1995 жылдың 30 мамырында Семей сынақ алаңында қалған ең соңғы ядролық заряд жойылды. Иә, бұдан басқа да адам­зат игілігі үшін көптеген шаруа­лар атқарылды. Қазақстанның геосая­си жағдайы, отандық өнімдерді дү­ние­жүзілік рынокқа шығару жолдарын іздестіру қажеттігі жан-жақты ха­лық­аралық байланыстар орнатуға қос­ы­мша негіз болды. Міне, осының бәрі Ел­басы­ның сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып келеді. Яғни, біздің ел экономикалық әрі саяси жүйе тала­бынан көріне біліп, әлемде бейбіт өмір­ді насихаттауда көшбасшы бола білді.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

СЕМЕЙ


Үлкен белес

Қазақстанның ірі ұйымға мүше болуы туралы жаңалық қазақстандықтар арасында кең талқыланып жатыр. Осыған орай пікірін білмек болып, «Қазақстан корейлері ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтау филиалының төрайымы Райса Мәденованы сұхбатқа тартқан едік.

- Райса Иван­қызы, Қазақ­стан­ның Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауі­п­сіз­дік Кеңесіне тұ­рақ­­ты емес мүше­лік­­ке сай­лануын қа­лай бағалар едіңіз?

- Біздің еліміз үшін бұл - биік белес, үлкен мәртебе. Өйткені, қан­­дай болмасын әлем­дік деңгейдегі биік­терден көрі­ну, халықаралық  мәр­тебелі орын­дардан табылу - елі­міз­дің мерейін көтеруге, Қазақ­станды сыртқа таныта, мойындата түсуге ғана қызмет етеді. Бұл жаман ба? Бұл өз кезе­гінде Қазақстанның тәуел­сіздігін нығайта түсуіне, өзге­лер­дің осы мемлекетпен сана­суы­на әсер ететін болады. Сон­дық­тан, әңгіме тұрақты мүше­лік пе, уақытша мүше­лік пе - онда емес, әңгіме Қазақ­стан­­ның бәсекелесінен оқ бойы озып шығып, осы ұйымға мүше болуында жатыр. Мен бұл жа­ңа­лықты Қазақстанның абыройын көтере түскен оқиға болды деп есеп­теймін. Мемлекетіміз халық­аралық жиындарға қатысып, сүй­кім­ді келбетімен танылып келе жатыр, бұл оқиғаны сол жетіс­тік­тердің, жаңалықтардың жалғасы, биік белестердің бірі деуге болады.

- Аталмыш ұйымның ма­ңы­зы қаншалықты және оған мүше болу Қазақстанға не береді?

- Бұл ұйым - жаһандық қауіп­сіздік пен бей­біт­шілікті сақтауға өкі­леттенген ең маңызды саяси орган. Өз ұстанымында ұдайы бейбітшілікті насихаттап, әлем елдерін өзара ымырашылдыққа шақырып, татулық жолын ұстанып та, ұсынып та келе жатқан Қазақстан өз ұстанымының шынайылы­ғын дәлелдей алды және АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Ресей және Фран­ция сияқты бес ірі тұрақты мүшесі бар, өзге он уақытша мүшесі бар іргелі ұйымға араласу арқылы бейбітшілік ұстанымын ауқымды көлемде айту, мүм­кін­дігінше жүзеге асыру тетігіне қол жеткізді.

Экономика­лық қиын­­дық кезе­ңін­де, дәл қазіргідей әлем­ді түрлі жарылыстар дүм­пуі мен қырғиқабақ келіс­пеу­­шіліктер шыр­маған сәтте Қазақ­стан үшін алға ұмтылу, алып елдермен тізгіндес болу маңыз­ды. Кім екеніңді ешкім танымай­тын, айтар сөзі жоқ бұйығы мем­ле­кетпен ешкім санаспайды да, ешкім елемейді де. Мұндай жағ­дай­да тәуелсіздіктен айырылып қалу қаупі де жоғары. Сон­дық­тан, Қазақстанның Орталық Азия мем­лекеттері арасынан алғаш­қы болып және Азия-Тынық мұхиты елдері тобынан үздік шығып, екі жыл мерзімге атал­мыш ұйымға мү­ше­лікке сайланғанына қуануымыз керек. 138 мем­ле­кет­­тің Қазақстанды қол­да­ға­нын, бәсе­келес болған Таи­ланд Король­дігі үшін тек 50-ден астам мемлекеттің дауыс бер­генін біліп отырмыз. Еліміздің Сырт­қы істер министрі Ерлан Ыды­рысов­тың «Бүгінгі нәтиже - Қазақ­­стан­ның және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұл­ғасы­­ның ха­лықаралық деңгейдегі биік беде­лі­нің, оның жаһандық және өңір­лік мәселелерді рет­теуге, ядро­лық қару­сыздану мен таратпау мәсе­ле­лерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын айғағы» деуі - дұрыс берілген баға. 2017 жылы өзі мүшелік қызметіне кірі­сетін елі­мізге сәттілік тілейміз және түрлі ұлт­тардың тату-тәтті ор­да­сына ай­налған Қазақстанның бей­бітші­лікті сақтау бағытындағы ұс­­танымы өз­ге­лерге сабақ болса екен деп тілеймін.

- Рахмет.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы


«Егемен Қазақстан» газеті, 2016 жыл 5 шілде, №127 (28855)