БҰҰ: Конгоның 28 миллион тұрғыны азық-түлікке мұқтаж
АСТАНА. KAZINFORM – Жағдайдың ушығуына қарулы қақтығыс пен экономикалық дағдарыс себеп болды, деп жазды Анадолы сайты.
Конго Демократиялық Республикасында 28 миллионнан астам адам азық-түлікке мұқтаж. Бұл туралы Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы мен БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (WFP) талдауында айтылған.
Деректер көрсеткендей, дағдарыс деңгейінде аштықпен бетпе-бет келген адамдардың саны соңғы айларда 2,5 миллионға өсіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Оның ішінде 3,9 миллионға жуық адам гуманитарлық апаттың алдында тұр.
Жағдайдың ушығуына ұзаққа созылған қарулы қақтығыс, экономикалық дағдарыс және азық-түлік бағасының өсуі себеп болғаны аталып өтеді.
Әсіресе елдің солтүстік және оңтүстік Киву, Итури және Танганьика сияқты шығыс провинцияларында жағдай қиын.
— Конго Демократиялық Республикасындағы гуманитарлық жағдай қорқынышты қарқынмен нашарлап барады. Қазірдің өзінде дастарханға тамақ қою үшін күресіп жүрген отбасылар енді бұдан да қатал шындыққа тап болды, — деді WFP Оңтүстік Африка бойынша аймақтық директоры Эрик Пердисон.
Агенттіктердің мәліметінше, шығыс провинциялардағы 10 миллионнан астам адам дағдарыс немесе төтенше жағдайдағы азық-түлік тапшылығынан зардап шегеді.
Гуманитарлық көмекті жеткізу тек қауіпті жағдаймен ғана емес, экономикалық дағдарыспен де шектеліп отыр.
БҰҰ мәліметінше, соңғы үш айда негізгі азық-түлік өнімдері — жүгері ұны, пальма майы құны 37 пайызға өскен.
— Жағдай өте ауыр: егін жойылды, бағалар шарықтап барады және миллиондаған адамның жағдайы ауыр халде, — деді ФАО Конгодағы өкілінің міндетін атқарушы Атман Мравили.
Оның айтуынша, қосымша қаржысыз ауыл халқын аштықтан құтқару мүмкін емес.
БҰҰ қазірдің өзінде шұғыл көмек көрсетіп отыыр. 2025 жылдың басынан бері 464 мың адам азық-түлікпен, ақшалай жәрдемақымен қамтылды. Дұрыс тамақтану, емдеу мәселесі де бар. Оның ішінде 237 мың Буния қаласының тұрғыны да бар.
Бұған дейін хабарланғандай, Конгода маймыл шешегімен ауырған 128 адам емдеу орталықтарынан қашып кетті.