«Астана хабына 36 мемлекеттің өкілдері мүше. Ал бүгінгі конференцияға 40-тан астам елдің өкілі қатысуда. Хаб 4 жылдың ішінде мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықта үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Бірінші кезекте хабтың арқасында Астанада аймақ елдерінің мемлекеттік қызмет саласындағы арнайы органдарының өкілдері бірігіп жұмыс жасап, бір-бірімен байланыс орнатты. Мұндай жайт хаб құрылғанға дейін болмаған еді», - деді ол «Сапалы мемлекеттік қызмет мақсатындағы әріптестік» атты халықаралық конференция барысында.
Оның айтуынша, хаб аймақ елдеріне тән ортақ мәселелерге ғылыми зерттеулер өткізіп, одан ары жаһандық мемлекеттік қызмет дамуындағы трендтермен аймақтық трендтерді салыстырып, әлемде теңдесі жоқ үлкен еңбек шығарған. Сонымен бірге аймақ елдерінде де жақсы тәжірибе жинақталғандығын ескере келе осы елдердегі жетістіктерді насихаттайтын, оларды әлемге жеткізетін кей материалдар әзірленген.
«Біз бірінші рет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының әдістемесін пайдалана отырып, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия арасында мемлекет көрсететін қызмет саласындағы альянс құрдық. Сол альянсқа қазір сұраныс туып, Сингапурдан бізге осыны әлемнің басқа да өңірлеріне таратсақ деген ұсыныс түсті. Біз мамыр айында соған орай үлкен шара өткізбекпіз. Әріптестікті дамытуда, біліктілікті жетілдіруде және ортақ ғылыми зерттеулерде хаб өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендіктен БҰҰ комитетінің арнайы отырысында хабты әлемдегі басқа аймақтарға үлгі ретінде тарату туралы шешім қабылдады», - деді Бәйменов.