Қаражат бүлінген сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіруге, суды жедел тазарту жүйелерін орнатуға және аурулардың таралуына жол бермеу үшін тұрғындарды гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Төрт айға арналған төтенше жағдайға ден қою жоспары Непалдың Табиғи апаттар қаупін азайту және оларды басқару жөніндегі ұлттық басқармасының (NDRRMA) жетекшілігімен жүзеге асырылады. Бағдарлама үкімет анықтаған гуманитарлық көмек көрсетудегі олқылықтарды жоюға бағытталған.
Сонымен қатар жоспар қыс мезгілінде Гималайдың биік таулы елді мекендеріндегі жағдайдың одан әрі нашарлауына және жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуді көздейді. Гуманитарлық топтар жалғасып жатқан төтенше жағдай операциясына қатысатын құрылымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
– Отбасылар жақындарынан, үйлерінен және күнкөріс көздерінен айырылды. Қазір зардап шеккен адамдарға өмірлік маңызы бар көмекті уақытылы жеткізу аса маңызды, – деді БҰҰ-ның Непалдағы тұрақты үйлестірушісі Лила Питерс Яхья.
БҰҰ мәліметінше, 26 тамызда басталған табиғи апат салдарынан мыңнан астам адам қаза тапқан, көптеген тұрғын әлі із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Расува, Нувакот және Дхадинг аудандарындағы тұтас ауылдардың тұрғындары үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Табиғи апат инфрақұрылымға айтарлықтай залал келтірді. Бірқатар көлік жолы жабылып, электр энергиясын беру жүйесінде үзілістер пайда болды. Сумен жабдықтау және санитария жүйелері де бүлінген. Сыртқы әлеммен байланысы үзілген елді мекендерде бірінші кезекте қажетті заттар тапшы.
Соңғы мәлімет бойынша, Непалдың Қытаймен шекарасына жақын Расува ауданы мен оған іргелес өңірлердегі су тасқынынан қаза тапқандар саны 1294 адамға жеткен. Сонымен қатар 22 мың бала шұғыл түрде ауызсуға мұқтаж.
Айта кетейік, БҰҰ аптап ыстық пен табиғи апаттар күшеюі мүмкін екенін ескертті.