БҰҰ-ның миссияларына қатысатын әскерилерге төлемдерді аудару тетігі жеңілдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков бүгін жалпы отырыста қабылданған әскери қызметшілердің құқықтарын жетілдіруге арналған заңның жаңа нормаларына қатысты түсінік берді.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

— Заңда бірқатар өзгеріс қамтылды. Өздеріңіз білесіздер, пандемия кезінде қаланың сыртында тұрған блокпосттарда тұрған әскерилерді жергілікті атқарушы органдар тарапынан тамақтандыру жүзеге асты. Бұл іс-шаралар заңнамада қарастырылмаған еді. Енді енгізілген жаңа норма бойынша карантиндік жағдайда тамақпен қамтамасыз ету мемлекет тарапынан орталықтандырылған деңгейде республикалық бюджеттен ұйымдастырылмақ, — деді Олжас Құспеков Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол шекара қызметінде жүрген әскери азаматтар төтенше жағдайларға жұмылдырылған кезде, оларға үш еселенген ақшалай төлем қарастырылғанын айтты.

— Қазақстанның Голан жоталарына жіберілген бітімгерлік миссиясы бар. Оларға берілетін төлемді БҰҰ тарапы еліміздің Қаржы министрлігіне аударатын. Одан кейін бұл қаражат жарты жыл ішінде Қорғаныс министрлігіне түскеннен кейін ғана сарбаздардың есеп-шотына аударылатын. Енді жаңа норма аясында аталған қаражатты тікелей Қорғаныс министрлігіне түсіретін тәртіпті енгіздік, — деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.