Келіссөз барысында Рашид Мередов Түрікменстан Біріккен Ұлттар Ұйымымен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдірді. Сонымен қоса, тараптар биыл Ашхабадта өтетін БҰҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер конференциясын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесін талқылады.
— Тараптар аталған іс-шараның әлемдік аренадағы маңызына айрықша екпін түсірді. Конференция биыл екінші жартыжылдықта өтеді. Оның аясында бірқатар маңызды құжаттарды қабылдау жоспарланып отыр, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Айта кетейік, конференцияға теңізге шыға алмайтын дамушы 32 елдің өкілдері, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері қатысады. Іс-шара 10 жылда бір рет өткізіледі.
Ең алғашқы конференция 2003 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған. Бұған қоса, Қазақстан 2020-2021 жылдар аралығында теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобына төрағалық етті.