БҰҰ-ның арнайы өкілі Қазақстандағы зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайды зерттеу жұмыстарымен таныстырды
17:34, 13 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Біріккен Ұлттар ұйымының азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлері мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новак журналистермен кездесіп,
Қазақстандағы зорлық-зомбылыққа қатысты қалыптасқан жағдайды зерттеу жұмыстарымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мен бірінші кезекте Қазақстан Үкіметіне өз елдеріне шақырып, мұндағы жағдайды көріп-біліп қайтуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Жалпы менің міндетім - елдегі азаптау, зорлық-зомбылық көрсету, қанау сияқты әрекеттер мен бас бостандығынан айыру орындарының жағдайын білу. Ал бұл міндетке ойдағыдай қол жеткізу үшін маған полиция бөлімшелері, уақытша оқшаулау изоляторлары, жүйке ауруларын емдейтін емханалар сияқты құқық қорғау органдары тарапынан қорғалатын аймақтарға емін-еркін кіріп-шығуға, қажетті ақпараттар мен құжаттарды алуға барлық мүмкіндіктер жасалуы қажет болатын. Осы орайда айта кетейін, мен мұнда ешқандай кедергілерге кездескен жоқпын. Мен тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторларында да болдым. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан бұл ел адам құықтарын қорғау саласындағы барлық негізгі деген халықаралық құжаттарды қабылдап үлгерді. Оның ішінде БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы конвенциясы да бар», - деді арнайы баяндамашы. Оның айтуынша, еліміздің адам құқықтары саласындағы басты басымдықтарының бірі - Қазақстан өзінің азаматтарының БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы комитетіне тікелей шағымдана алатындай мүмкіндік жасауы. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа қарсы факультативтік хаттамаға қол қоюы. «Бұл менің ойымша, зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алуға ден қойып отырған ел үшін өте маңызды қадам», - деді халықаралық ұйымның өкілі.