БҰҰ-ның балалар құқықтары жөніндегі Комитеті Қазақстанға 60 ұсыныс жасады - Әділет вице-министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанның бала құқығын қорғау саласындағы шаралары дұрыс бағытта екенін айтады, дейді ОКҚ брифингісіне қатысқан еліміздің Әділет вице-министрі Эльвира Әзімова.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан 1994 жылдан бері балалар құқықтары жөніндегі конвенцияға қосылған. БҰҰ-ның балалар құқықтары жөніндегі Комитеті төрт жыл сайын осы салада баяндама жасайды, бірақ, конвенцияға мүше елдер жеті-сегіз жылда бір рет есеп беруіне болады. Қазақстан 2003 жылы осы саладағы шаралары туралы есеп беріп, комитет алдында баяндамасын қорғаған. Кейін 2007 жылы және осы жылдың қыркүйегінде баяндамасын тағы да қорғап шықты. Келесі баяндамасын Қазақстан 2021 жылы қорғамақ», - дейді Э.Әзімова. Қуантарлығы. Қазақстанның қыркүйек айындағы есебіне Комитет мүшелері оң баға берген және Қазақстан бұл бағытта дұр ыс жұмыс атқарып жатқанын атап өткен. «Қазақстан балалар құқығы жөніндегі конвенцияны қалай іске асырып отыр дегенге келсек, Комитет мүшелері еліміздің бұл бағытта дұрыс жұмыс жасап отырғанын айтты. Яғни, балалар құқығын қорғау саласында Қазақстан заңнама түрінде де, жоспарлы жұмыс істеу бағытында да өз позициясын жақсартып келеді. Дегенмен, Комитет балалар құқығын қорғау жөнінде бірқатар ұсыныстарын да айтты», - дейді Э.Әзімова. Әділет вице-министрінің айтуынша, БҰҰ-ның балалар құқықтары жөніндегі комитетінің құжаты 67 пункттен тұрса, Қазақстанға 60 ұсыныс айтылған екен.