БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Сириядағы бейбіт үдеріс бойынша қарар қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Джон Керри БҰҰ-ның қарарын Сириядағы жағдайды реттеу үдерісіндегі кезең деп атады.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Сириядағы бейбіт үдерісті қолдау бойынша қарар жобасын бірауыздан қабылдады. Құжат жанжалдың барлық тараптарын азаматтық тұрғындарға қарсы соғыс әрекеттерін тоқтатуды міндеттейді.

Қарарда сондай-ақ ел болашағы туралы шешімді тек Сирия халқы қабылдай алатыны атап өтілген.

Құжатқа сәйкес, БҰҰ Дамаск пен оппозиция арасындағы келіссөздер үдерісін ұйымдастыруды өзіне міндеттейді, келіссөздердің басталуы 2016 жылдың қаңтар айына белгіленген.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің айтуынша, қабылданған құжат жанжалдың барлық қатысушыларына «Сирияда адам өлтіруді тоқтату уақыты келгенін» айтып отыр. Бұл ретте қарарда Вашингтон отставкасын талап етіп отырған елдің қазіргі президенті Башар Асад туралы ештеңе айтылмаған.