БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ағарту, білім беру және мәдениет саласы бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық жайындағы меморандумға қол қойды.
Аталмыш меморандум негізінде, енді екі жақтың бірлескен қызметі - гуманитарлық, қоғамдық, экономикалық ғылымдар саласында ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға бағытталатын болады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау және адами әлеуетті жоғарылату мәселелеріне зор көңіл бөлінбек.
Шара барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасының мемлекеттегі бірінші қатысушы жоғары оқу орны екендігін», атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, «Академиялық ықпал» - адам құқығы, сауаттылық, тұрақты даму мәселесі, қақтығыстарды шешу және бейбітшілікті сақтау, мәдениетаралық диалог мәселелері аясында әлемге әйгілі он принципті беделді түрде қолдау мақсатындағы БҰҰ-ның жаһандық бастамасы болып табылады.
Шараға ҚазҰУ-дың студенттері, оқытушы-профессорлар құрамы мен БҰҰ қорының өкілдері қатысты.