БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысы ҚазҰУ ректорына алғыс хат жолдады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы қызметіне кіріскелі отырған Антониу Гутерреш әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлына хат жолдап, университеттің БҰҰ-мен жемісті ынтымақтастық орнатуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ЖОО баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«БҰҰ Бас хатшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қазіргі жаһандық мәселелерді шешудегі сенімді серіктесі ретінде шынайы ризашылығын білдірді», -делінген хабарламада. 

Хатында Бас хатшы БҰҰ ұстанымдары мен бастамаларын алға жылжытудағы және халықаралық ұйымның өркениеттің өзекті мәселелерін шешудегі медиатор және  жасампаз «көпір» рөліндегі қызметінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ететін БҰҰ аясындағы «Академиялық ықпал» жаһандық хабы ретіндегі ҚазҰУ-дың маңызды рөлін атап өткен.

Ресми хатта: «БҰҰ негізін салушылардың арман-мақсаттарының орындалуы үшін бізді ортақ көптеген жұмыстар күтуде. Мен үшін жұмыс кестесі мүмкіндік берген сәтте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне бару  үлкен мәртебе»,  делінген.

Айта кету керек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азиядағы тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» жаһандық хабын және ЮНЕСКО-ның аймақтық хабын басқара отырып, Біріккен ұлттар ұйымының өзіне жүктеген міндетін нәтижелі орындауда.

Осылайша, ҚазҰУ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» және «G-Global» бастамаларының энергоэкологиялық стратегиясына қолдау ретінде ТМД университеттері ішінде жалғыз «RIO+20» Әлемдік саммитінде секция ашу жоғары мәртебесіне ие болған.

Колумбия университетімен бірге ҚазҰУ-да тұрақты даму бойынша мамандар даярлайтын «MDP Global Classroom» бағдарламасы сәтті жүзеге асып отыр.