«Бұл сұмдық. Химиялық қаруды қолданған кім болса да, оған ақтау жоқ», - деді Гранде.
Оның мәімдемесі Ирак үкімет күштері мен Ислам мемлекеті тобының содырлары арасында Мосул үшін ұзаққа созылған айқас уақытында химиялық қару пайдаланды деген хабарлама тарағаннан кейін келесі күні пайда болды. Оны тараптардың қайсы пайдаланғаны туралы дерек болған жоқ.
«Егер химиялық қару қолданылғаны расталса, шабуылдың мақсаты не, құрбаны кім болғанына қарамастан, халықаралық гуманитарлық құқықты бұзу және әскери қылмыс болып саналады», - деді Гранде.
БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Мосулдағы ықтимал химиялық қару әсерінен 12 адам (әйелдер мен балалар) ем алып жатқанын хабарлады. Оның төртеуінде «улы заттың теріге әсеріне байланысты белгілері бар», деді ұйым өкілдері. Науқастар Мосулдың шығыс бөлігінде уланған.
3 наурызда Қызыл Крест Халықаралық комитетінің қызметкерлері жеті адамның химиялық затпен зақымдану белгілерімен ауруханаға жатқызылғанын айтты.
Еске салсақ, бұдан бұрын Ирак әскері Мосулдың батыс бөлігіндегі Вади-аль-Хаджар аумағын иеленгені хабарланған.