БҰҰ Оңтүстік Судандағы алғашқы сайлауға қауіп төніп тұрғанын ескертті

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның Оңтүстік Судандағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясы желтоқсанға жоспарланған алғашқы сайлау қарсаңында елдегі зорлық-зомбылық, саяси шиеленіс және азаматтық бостандықтардың шектелуіне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі жазды.

Фото: БҰҰ / А.Адемигбуджи

Комиссия мүшелері төрт күндік сапар барысында үкімет, күш құрылымдары, саяси топтар және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Құқық қорғаушылар билікті бейбіт тұрғындарды қорғауға, гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуге және сайлау алдында инклюзивті саяси диалог орнатуға шақырды.

Оңтүстік Судан 2011 жылы Суданнан тәуелсіздік алған. Алайда үш жылдан кейін президент Салва Киир мен вице-президент Риек Машар арасындағы билік үшін күрес азаматтық соғысқа ұласты. 2018 жылы бейбіт келісімге қол қойылғанымен, елде қарулы қақтығыстар әлі жалғасып келеді.

Комиссия төрағасы Ясмин Соока Джонглей штатында жақында болған қақтығыстардан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Олар жыныстық зорлық-зомбылық, кісі өлтіру, күштеп қоныс аудару және отбасылардың бөлінуі туралы айтып берген. Кейбір зардап шеккендер медициналық және психологиялық көмек ала алмаған.

Комиссия бейбіт тұрғындардың өлтірілуіне, азаматтық нысандарға жасалған шабуылдарға, жаппай қоныс аударуға және гуманитарлық көмектің жеткізілуіндегі қиындықтарға алаңдады. Жақында Джонглей штатында БҰҰ бітімгерлерінің патруліне жасалған шабуылдан екі бітімгер қаза тауып, бірнеше адам жараланған.

Комиссия бұған дейін де қауіпсіздіктің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз етпей сайлау өткізу жаңа қақтығысқа және жаппай зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін екенін ескерткен.

Комиссия мүшесі Барни Афаконың айтуынша, 2018 жылғы жаңартылған бейбіт келісімді жүзеге асыру тоқтап қалғанымен, ол демократиялық әрі бейбіт Оңтүстік Судан құрудың негізгі негізі болып қала береді.

– Ел сайлауға жақындап келеді, алайда саяси және азаматтық кеңістік тарылып, бейбіт әрі ашық дауыс берудің негізгі шарттарының көбі әлі жасалған жоқ. Оңтүстік Судан азаматтарының дауыс беруге құқығы бар және бұл құқық қорғалуы тиіс, – деді ол.

Комиссия сайлаудың зорлық-зомбылық пен тұрақсыздыққа ұласпауы үшін барлық саяси күштерді, азаматтық қоғамды, әйелдер мен жастар ұйымдарын қамтитын шынайы саяси диалог жүргізуге шақырды.

Сонымен қатар сарапшылар жемқорлық пен жазасыздықты елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке кедергі келтіретін негізгі мәселелердің бірі деп атады. Комиссияның мәліметінше, жүйелі жемқорлық пен мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы азаматтардың құқықтарын бұзып отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін БҰҰ қарт адамдардың құқықтарын қорғау тәсілдерін қайта қарауға шақырды.

Сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы әлем картасына өзгеріс енгізетін қарар қабылдағанын жаздық.