БҰҰ Ресей-АҚШ арасындағы диалогты құптайды және Украинада бейбітшілік орнауына жәрдемдесуге дайын
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Аляскадағы саммиттің қорытындыларын назарға алды және конструктивті диалогтың жалғасуын құптайды. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик ТАСС агенттігіне берген түсініктемесінде айтты.
– Жұма күні Аляскада АҚШ пен Ресей президентінің арасында өткен кездесудің қорытындысын назарға алдық. Біз БҰҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сындарлы диалогтың жалғасуын құптаймыз, - делінген мәтінде.
Халықаралық ұйым Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик БҰҰ Украинада тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған кез келген маңызды әрекетті қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
– Бас хатшы (Антониу Гутерриш) Украинада әділетті, жан-жақты және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы алғашқы қадам ретінде атысты дереу, толық және сөзсіз тоқтатуға тағы шақырады. Мұндай бейбітшілік Украина егемендігіне, тәуелсіздігіне және оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары аясындағы аумақтық тұтастығына толық құрмет көрсетуге тиіс. Бұл БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқыққа және БҰҰ-ның тиісті қарарларына сәйкес жүзеге асырылуы керек. БҰҰ осы бағыттағы барлық маңызды бастаманы қолдауға дайын, - делінген оның түсініктемесінде.
Бұған дейін үш сағатқа жуық уақыт келіссөз жүргізген Трамп пен Путин келісімге келе алмағанын жазған едік.
Аталған кездесуді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Путин-Трамп кездесуі халықаралық шиеленісті азайту жолындағы дипломатиялық қадам деп бағалаған болатын.