Сонымен қатар ел тұрғындары аптап ыстық, электр энергиясының үзілуі, саяси экономикалық және қауіпсіздік жағдайындағы тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отыр. Өткен аптада ұшқышсыз аппараттардың соққысынан ірі мұнай өңдеу зауытында өрт шыққаны хабарланды.
— Ливиядағы саяси үдерісті ілгерілету бұрынғыдан да маңызды, — деді БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Ливиядағы қолдау миссиясының (МООНПЛ) басшысы Ханна Тетте.
Қазіргі дағдарыс Муаммар Каддафи режимі құлаған 2011 жылдан кейін басталды. Сол кезде мемлекеттік институттар бөлшектеніп, қауіпсіздік құрылымдары екіге бөлінді. Ал мұнайға бай экономиканы бақылау үшін күрес тұрақсыздықтың негізгі себептерінің біріне айналды.
Қазір елде екі билік бір-бірімен бәсекелесіп отыр. 2021 жылдың желтоқсанына жоспарланған сайлау белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды.
Мемлекеттік басқару саласындағы мәселелер
Ханна Тетте электр энергиясының жаппай үзілуі мен ұзаққа созылған аптап ыстықтан күшейген халық наразылығы мемлекеттік институттардың бөлшектенуінің, мемлекеттік ресурстардың басқа мақсаттарға жұмсалуының, инвестицияның жеткіліксіздігінің және шешім қабылдаудағы үйлесімсіздіктің салдарын көрсеткенін айтады.
— Сондықтан саяси үдеріс тек саяси алауыздықты еңсерумен шектелмейді. Мәселе мемлекеттің өз азаматтарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету қабілетін қалпына келтіруде, — деп атап өтті ол.
Бір жыл бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынылған «жол картасы» президенттік және парламенттік сайлауға апаратын жолды, мемлекеттік басқару мәселелерін шешу үшін барша тараптардың қатысуымен құрылымдалған диалог өткізуді және атқарушы билік институттарын бірыңғай үкімет аясында біріктіруді көздейді.
МООНПЛ басшысы 29 шілдеде Жоғары мемлекеттік кеңестің жаңа басшылық бюросының сайланғанын құптады. Алайда 9 тамызда Орталық банк басшысы Өкілдер палатасы мен Жоғары мемлекеттік кеңеске хат жолдап, қызметінен босатуды сұраған.
— Бұл қадам Орталық банкке қысымның күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Ливияның барлық саяси қайраткерлері мен мемлекеттік институттары өз міндеттерін толық орындауы маңызды, — деді Тетте.
Қауіпсіздік жағдайы «тұрақсыз» күйінде қалып отыр
Қауіпсіздік мәселесіне тоқталған арнайы өкіл Ливияның батыс жағалауындағы жағдайды қарулы топтар арасындағы бәсекелестікке байланысты «тұрақсыз» деп бағалады. Бұл топтар есірткі саудасы, адам саудасы және жанармай контрабандасына қатысады.
Оның айтуынша, Завиядағы мұнай өңдеу зауыты мен басқа да инфрақұрылым нысандарына жасалған дрон шабуылдары «жаңа әрі алаңдатарлық» үрдісті көрсетеді.
— Бұл оқиғалар заң үстемдігі қағидаты негізінде өз өкілеттіктерін тиімді жүзеге асыра алатын кәсіби, бейтарап әрі біртұтас қауіпсіздік құрылымдарын құру қажеттігін де көрсетеді, — деп атап өтті Тетте.
«Халық мемлекетке деген сенімін жоғалтып жатыр»
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында климат белсендісі Нисса Бек те сөз сөйледі. Ол саяси тұрақсыздық пен мемлекеттік институттардың әлсіздігі қарапайым ливиялықтардың күнделікті өміріне қалай әсер етіп отырғанына назар аударды.
Оның айтуынша, жаз кезінде тұрғындар жарықсыз және сусыз қалады, мұнай мен газ өндіретін елдің өзінде жанармай алу үшін кезекке тұрады. Сонымен қатар баға өсіп, халықтың табысы құнсызданып барады.
— Бұл жүйелер қайта-қайта істен шыққанда, адамдар тек электр жарығы мен судан ғана айырылмайды. Олар мемлекеттің өзіне деген сенімін де жоғалтады, — деді Бек.
Оның айтуынша, бүгінде аптап ыстық, су тапшылығы және экологиялық қиындықтар саяси бөлінуге, тұрақсыздыққа және мемлекеттік институттардың әлсіздігіне қосымша салмақ түсіріп отыр.
Еске сала кетейік, Ливия аумағындағы мұнай нысанына ұшқышсыз ұшу аппаратымен соққы жасалған. Шабуылдар жалғасатын болса, компания мұнай өңдеу зауытының жұмысын тоқтатуы мүмкін екені айтылды.