БҰҰ Сирияға 5,2 млрд. доллар жылу жинап беруді сұрап отыр

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымы жұма күні донор мемлекеттерге Сириядағы жанжалдан зардап шеккендерге көмектесу үшін жыл аяғына дейін 5,2 млрд. доллар мөлшерінде қаржы жинап беруді өтінді. Бұл жайында «Франс Пресс» ақпарат агенттігі хабар таратты.

Бұл қаражат БҰҰ-ның Ирак, Судан, Ауғанстан, Пәкістан және Гаити аралының тұрғындары үшін сұрап келген бұрынғы қаржысынан әлдеқайда көп екенін айта кету керек. Бұл жайында «Новости» ақпарат агенттігі хабар таратты.

muslim.kz сайтының жазуынша, БҰҰ қоржынына түсетін қаражат жүздеген гуманитарлық ұйымдарға теңдей бөлінеді. 3,8 млрд-қа жуық қаражат 3,45 млн. босқынның қажетіне жұмсалады. 1,4 млрд. доллар ел аумағында қалып қойған 6,8 млн. сириялыққа көмек ретінде беріледі.

2012 жылдың желтоқсан айында БҰҰ Сирияға көмек ретінде 1,5 млрд. доллар жинап беруді сұраған еді. Алайда, қазіргі уақытта бір миллиардтай доллар ғана жиналғанын айта кету керек.

Сириядағы қантөгіс пен зорлық-зомбылық 2011 жылдың наурыз айынан бері толастаған емес. Осы уақыт аралығында БҰҰ мәліметіне қарағанда, кем дегенде 80 мың адам режим мен оппозиция арасындағы қарулы қақтығыстан қаза тапқан.