БҰҰ ЕЭК халықаралық сарапшылар тобын өңірлік кеңесші Таеке Гялтема басқарады. Топ құрамына сондай-ақ Исландия Статистика басқармасының өкілі Антон Карлсон, Сербия Статистика басқармасының өкілдері Мира Никич пен Никола Орлик, сондай-ақ тәуелсіз сарапшы Стив Вейл енді.
Астанада өтетін үш күндік жұмыс барысында сарапшылар статистикалық өндірістің тиімділігін, ашықтығын және технологиялық деңгейін айқындайтын негізгі халықаралық стандарттар – GAMSO, GSBPM және GSIM модельдерінің енгізілуіне жан-жақты талдау жүргізеді.
Шолу аясында процестік басқару, қосалқы процестерді картаға түсіру, метадеректерді басқару, цифрлық трансформация, сапа көрсеткіштері жүйесі, кадрлық әлеует, жұмыс уақытын есепке алу және құзыреттерді дамыту мәселелері қарастырылады.
Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының ұйымдық құрылымын өзгерту жөніндегі жол картасы, ресми статистиканы өндірудің толықтай процестік моделіне көшу бойынша Исландия мен Сербияның үздік тәжірибелері талқыланады.
Бұдан бөлек, Бюро қызметкерлерінің кең ауқымы үшін ашық пікірталастар, халықаралық тәжірибелердің таныстырылымдары, интеграцияның келесі қадамдары бойынша миға шабуыл сессиялары, сондай-ақ GAMSO және GSBPM модельдерінің метадеректерге негізделген орталықтандырылған өндіріс пен заманауи IT-шешімдермен өзара байланысы жөніндегі талқылаулар жоспарланған.
– Ұлттық статистика бюросы статистика жүйесін жаңғырту, халықаралық стандарттарды енгізу және цифрлық трансформацияны жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Алдағы талқылаулар біз үшін қол жеткізілген нәтижелерге тәуелсіз кәсіби баға алу, өзекті сын-қатерлерді талқылау және одан әрі дамудың перспективалы бағыттарын айқындау тұрғысынан ерекше маңызды. Шолу қорытындысы бойынша БҰҰ ЕЭК тәуелсіз кәсіби ұсынымдары әзірленіп, олар Қазақстанның статистика жүйесін одан әрі реформалаудың негізіне айналады, - деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Бюро бұл шолуды цифрлық трансформацияны жеделдету, деректерді басқару сапасын арттыру және Қазақстанның жаһандық статистикалық экожүйедегі жауапты қатысушы ретіндегі халықаралық беделін нығайту үшін бірегей мүмкіндік ретінде қарастырады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан статистикамен жұмыс істеуге арналған AI-көмекшіні іске қосты.