БҰҰ: Судандағы қақтығыстар 332 мыңнан аса адамды үйлерін тастап кетуге мәжбүр етті

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Суданда қақтығыстар қайта жанданып, ел батысындағы Эль-Фашер қаласындағы Замзам босқындар лагерін 332 мыңнан астам адам тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл туралы БҰҰ құрамына кіретін Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) мәлімдеді, деп жазады Анадолы.

Ұйым мәліметінше, 13 сәуірден бастап лагерьден 66 405 отбасы – жалпы саны 332 025 адам көшіп кеткен. Олар қазір елдің Солтүстік және Орталық Дарфур аймақтарына қарай ауысып жатыр. 

12 сәуір күні елде әрекет ететін «Жылдам әрекет ету күштері» (RSF) Эль-Фашер қаласына шабуылды күшейтіп, бір жылдан астам уақыт қоршауда тұрған қалаға кірмек болған.

13 сәуірде RSF Замзам лагерін бақылауға алғанын хабарлады.

БҰҰ мәліметі бойынша, RSF шабуылдарынан 400-ге жуық бейбіт тұрғын көз жұмған, тағы он мыңдаған адам босқынға айналды.

Судан қақтығысы үшінші жылға ұласты

2023 жылдың 15 сәуірінен бастап Суданда үкіметтік армия мен RSF жасағы арасында қақтығыстар басталып, ел ішіндегі ең ірі қантөгіске айналды. БҰҰ бұл қақтығысты әлемдегі ең ауқымды ішкі босқындар дағдарысы деп сипаттап отыр.

Қақтығыс басталғалы бері Суданның өз ішінде 11 миллионнан астам адам қоныс аударуға мәжбүр болды. Тағы шамамен 4 миллион адам көршілес елдерге бас сауғалап кеткен.

Судан армиясы кейінгі айларда ел астанасы Хартумның көп бөлігін бақылауына қайтарып алғанымен, RSF күштері батыс аймақ — Дарфур өңірінде белсенді әрекеттерін жалғастырып жатыр. 

Айта кетейік, Судан әскері президент сарайын бақылауына алғанын мәлімдеген болатын. 

Бұған дейін де БҰҰ халықаралық тұрақтылық үшін шұғыл әрекет керектігін айтып, дабыл қаққан.