БҰҰ тәліптерден әйелдерге қатысты шектеулерді тоқтатуды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанға қатысты қарарды бірауыздан қабылдап, биліктегі «Талибан» қозғалысын әйелдер мен қыздарға қойылған шектеулерді жоюға және террористік топтарға қарсы күресті күшейтуге шақырды, деп хабарлайды AP .

Фото: Report

Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстандағы гуманитарлық бағдарламаларды іске асырып, елдегі саяси диалогты қолдаумен айналысатын БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем көрсету миссиясының мандатын 2027 жылғы маусымға дейін ұзартты.

Қытайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Фу Цунның айтуынша, халықаралық қауымдастық Ауғанстан билігі адам құқықтарын, ең алдымен әйелдердің құқықтарын қорғау бағытында қосымша қадамдар жасайды деп күтеді.

Қарар гуманитарлық бағдарламаларды одан әрі қолдауды және жынысына, дініне немесе этникалық тегіне байланысты кемсітусіз ұлттық әрі жергілікті басқаруды дамытуға жәрдем көрсетуді көздейді.

Құжатта әйелдердің, жастардың, азшылық өкілдерінің және мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдық өмірге толыққанды қатысуының маңыздылығы да ерекше атап өтілген.

Қарардың қабылдануы Герат қаласында киім кию талаптарын бұзды деген күдікпен кемінде 30 әйелдің ұсталғаны туралы хабарлардан кейін болды. Ауғанстандағы БҰҰ миссиясының мәліметінше, ұсталғандарды қолдаған наразылық акцияларын қауіпсіздік күштері тарқатқан. Соның салдарынан бір адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған.

«Талибан» қозғалысы 2021 жылы билікке қайта оралғаннан кейін әйелдер мен қыздарға қатысты қатаң шектеулер енгізді. Олардың қатарында бастауыш мектептен кейін білім алуға тыйым салу және еңбек қызметіне қатысты шектеулер бар.

АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Дженнифер Лочетта саяси үдерістің нәтижелілігі ауған билігінің нақты іс-әрекеттеріне байланысты екенін айтты.

Бұған дейін тәліптердің қыздардың үнсіздігін некеге келісім ретінде танитыны хабарланған. Бұл ережелер жаңа нормативтік құжатқа енгізілген. Сондай-ақ құжатта кәмелет жасына толғаннан кейін балалар некесін сот арқылы жарамсыз деп тану мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен бірге әйелдерге Ауғанстанда талибтердің билікке келген күніне арналған мерекелік іс-шараларға қатысуға тыйым салынды.

Еске сала кетсек, тәліптер әйелдерге паранжасыз ауруханаға баруға және таксиге отыруға тыйым салды. Ал әйелін ұрғандар жарты айға, итті қорлағандар 5 айға қамалады.